ЕАЭО елдерінің тауар айналымы 95 млрд долларға жетті - Путин

АСТАНА.KAZINFORM — ЕАЭО аясында сауда кедергілерін жою шаралары жалғасып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Ресей Президенті Владимир Путин мәлім етті.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Оның айтуынша, өзара қарым-қатынас ЕАЭО елдеріне нақты пайда әкеліп жатыр. 

— ЕАЭО-дағы бес мүше мемлекеттің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері тұрақты оң үрдісті байқатты. Еуразиялық экономикалық одақта жалпы өнеркәсіп өндірісі 1,6 пайызға, ауыл шаруашылығындағы өндірісі 4,6 пайызға, құрылыс 4,2 пайызға өсті. Экономиканың бірқатар секторында да өсім байқалды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар ағыны былтыр 95 млрд долларға жетті. Жоғары технологиялық өнімді жеткізуді кеңейту және шикізат өнімдері үлесінің бір мезгілде қысқаруы есебінен тауар айналымының құрылымы жақсарып келеді, - деді В. Путин.

Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО аясында сауда кедергілерін жою шаралары жалғасып жатыр.

— Елдеріміз арасындағы барлық есеп айырысу ұлттық валюталарда жүзеге асырылып келеді. Осылайша, өзара экспорттық-импорттық операциялар сыртқы әсерден және жаһандық нарықтардағы теріс үрдістерден сенімді қорғалған, - деді Ресей Президенті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталғанын жазған едік.