ЕАЭО-ға әлемнің 50-ге тарта елі қызығушылық танытып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одаққа әлемнің 50-ге тарта елі қызығушылық танытуда. Бұл туралы бүгін Астана клубының үшінші отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Толықтай алғанда, сенімнің жаппай дағдарысы жайында да ашық айтуға болады. Осындай күрделі жағдайда өзара іс-қимылдың позитивті тәжірибесін табу барынша маңызды деп санаймын. Бұл ретте әлемдік саясат пен экономиканың басты ареалы, барлық державалардың мүдделері тоғысатын жер Еуразия лайықты орынға ие бола алады. Еуразия шын мәнінде  қауіпсіздік, экономикалық өсім және диалог саласындағы біріктірілген күн тәртібін ұсынуға қабілетті», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ежелгі Жібек жолын қайта жаңғырту бастамасы әлемдегі күшейіп келе жатқан дағдарысқа дер уақытындағы жауап болғанын атап өтті.

«Шындығында, бұл бастама «бірлескен даму арқылы тұрақтылықтың» жаңа геоэкономикалық парадигмасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.  Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы жалғасуда. Ол әлемдік қолайсыз конъюнктураның  бізге ықпалын төмендетуге септігін тигізді. 2017 жылдың 9 айында одақ елдері арасындағы тауар айналымы үштен бірге артты. Қазіргі жағдайда барынша инвестициялық және инновациялық әлеуетке ие Азияның, Еуропаның және Солтүстік Американың ірі елдермен барынша тығыз өзара іс-қимылды жолға қою айрықша маңызға ие», - деді ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, одаққа түрлі форматта қосылып жатқан елдердің саны артып келеді. Иран, Мысыр, Үндістан, Израиль, Оңтүстік Кореямен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізілуде. «Жалпы шамамен 50 ел қызығушылық танытып отыр», - деді Елбасы.