ЕАЭО хаттамасы шетелден интернет арқылы алдыратын тауарлардың бағасын 2 пайызға көтеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа электрондық сауданы реттеу бағытында өзгерістер енгізетін хаттамасын ратификациялау туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
Құжатты таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың сұрағына берген жауабында бұл хаттама бағаға қалай әсер ететінін түсіндірді.
- Жалпы қазір нақты айта алмаймыз. Бірақ қазіргі уақытта шетелден тауар әкелгенде еркін кіргізу мөлшерінен аспаса (200 еуро, 31 кг.) қосылған құн салығымен қосқанда 15 пайыз салық төлейді. Қазір ҚҚС 12 пайыз, оған 5 пайыз кедендік баж қосылады. Сонда бұл құжат ратификацияланғанға дейін шекарадан өткенде интернет тауарларына 15 пайыз салық салынса, енді 17 пайыз болады. Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін ҚҚС 16 пайыз болатыны түсінікті. Бірақ енді ол екі жаққа да әсері бар шара. Сонда нақты осы хаттаманы ратификациялаудың салдарынан интернет арқылы шетелден алдыратын тауардың бағасы 2 пайыз қымбаттауы мүмкін, - деді вице-премьер.
Еске салсақ, Астана халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО-ға мүше елдердің кедендік баж үлесін қайта қарау мәселесі неге кешеуілдеп жатқанын айтқан еді.