ЕАЭО Израильмен еркін сауда аймағын құру келіссөздерін бастайды

None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Ақмола облысына қарасты Бурабай курорттық аймағында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин қатысуда.

ЖЕЭК-ке мүше мемлекеттер басшыларының келіссөздері барысында одақты дамытудың барынша өзекті проблемалары мен перспективалары талқыланбақ. Кездесу қорытындысында тараптар ЕАЭО мен ЕЭК-тің үшінші елдермен өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын бірқатар құжаттарға қол қоймақ.

Сонымен қатар отырыс барысында Израиль мемлекетімен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданады деп күтілуде. Бұл ұсынысты бірлескен зерттеу тобының баяндамасының қорытындысы бойынша қабылдау жоспарланған.

Одаққа мүше мемлекет басшылары қызметтер секторы тізбесін бекітпек. Мұнан бөлек, тараптар Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит туралы ережені қабылдайтын болады. Еске сала кетейік, бұған дейін, ҚР Премьер-Мнистрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев ЕАЭО-мен ынтымақтастықты тереңдетуге басқа да көптеген елдер ұмтылып отырғандығын айта келе, ЕАЭО-пен еркін сауда аймағын құруға Үндістан, Мысыр, Израиль, Сирия, Индонезия, Иран, Корея, Моңғолия, Эквадор, Перу мен Чили қызығушылық танытып отырғандығын айтқан болатын.