ЕАЭО: Қазақстан ирандық цемент пен ҚХР көліктеріне қатысты мәселені шешуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Қазақстан арқылы тасымалданатын кейбір тауарларға шектеу енгізуді сұрады. Ол тауарлардың ішінде Иранның цементі мен Қытайдың көліктері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Иран цементі бойынша бір мәселе туындап отыр. Ресей жағы аталған тауарды Қазақстан арқылы тасымалдауға болмайды деп санайды. Себебі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкес келмейді. Біз бірнеше тексеріс өткіздік. Соның нәтижесі бойынша ол цементтің рұқсат қағаздарын беру кезінде тәртіп бұзушылықтардың болғанын анықтадық. Одақтың техникалық талаптары бұзылып отыр», - деді Ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары Серік Құрманғалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Аталған орталық ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарайды.

С.Құрманғалиевтің айтуынша, ЕАЭО-ның 018-техникалық регламенті - «Көлік құралдарының қауіпсіздігі» бойынша бірқатар мәселелер бар. «Ресей тарапынан осыған қатысты талаптар болды. Өйткені Қазақстан арқылы Ресейге қытайлық көлік құралдары тасымалданып отырған. Осы мәселеге қатысты тағы тексерістер ұйымдастырылды. Қытайда шығарылған көлік құралдарының қауіпсіздігі бойынша рұқсат қағаздарды арнайы зертхана беріп отырады. Біз оның хаттамаларын кері қайтардық. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Қытайлық көліктердің тасымалына шектеу қойылды», - деп атап көрсетті  С.Құрманғалиев.

Фото: materialyinfo.ru