ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 тамызда өткен ЕАЭО-ның Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында делегация Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-қа барды.
Іс-шараның негізгі тақырыбы аграрлық ғылым, білім және инновациялар саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту және Одақ елдері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту болды.
Делегация құрамында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі – өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян, Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбеков болды.
Қонақтарға ҚазҰААЗУ-дың ғылыми және білім беру әлеуеті, аграрлық өндірістің тиімділігі мен технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған шешімдер таныстырылды.
-Бүгінде біздің елдеріміздің аграрлық секторының алдында ортақ міндеттер тұр. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, цифрландыру және инновацияларды енгізу. Осыған байланысты аграрлық ғылым мен сапалы кадрлар даярлаудың маңызы арта түсуде. ҚазҰААЗУ сияқты алаңдар ғылыми әлеуетті, білім беруді және саланың нақты қажеттіліктерін біріктіруге мүмкіндік береді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Министрлер құрғақ өңірлерде жоғары тиімді ауыл шаруашылығын жүргізу жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық бірлескен зертханасына барды. Сондай-ақ ҰАҒБО ғылыми-зерттеу институттарының әзірлемелері ұсынылған көрмені тамашалады.
Сапардың маңызды бөлігі халықаралық ғылыми-білім беру жобаларымен танысу болды. Атап айтқанда, Небраска – Линкольн университетімен бірлесіп құрылған «Extension» және «One Health» орталықтарының қызметі таныстырылды. Олардың жұмысы халықаралық ғылыми әріптестікті дамытуға, озық білім мен технологияларды трансферлеуге, практикаға бағдарланған кадрлар даярлауға және заманауи АӨК-те сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар аграрлық ғылым мен инновациялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен зерттеулерді дамытуға, технологиялар мен құзыреттермен алмасуға, сондай-ақ АӨК үшін жаңа буын мамандарын даярлауға мүдделі екенін жеткізді.
Осыған дейін Иранның Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын ұлғайтуға мүдделі екені туралы жаздық.