Жиында Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының жекелеген түрлері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұқым шаруашылығы әлі де импортқа жоғары тәуелділік сақталып отырған ең маңызды бағыттардың бірі.
Сонымен қатар одаққа мүше мемлекеттер бір-бірінің нарығын толықтырып отырғаны атап өтілді. Сұрыпты тұқымдарды өзара жеткізу көлемі артқан. Егер үшінші елдерден тұқым импорты 1,5 есеге азайса, одақ ішіндегі өзара тұқым саудасы 1,6 есе өсіп, шамамен 80 миллион АҚШ долларына жеткен. ЕАЭО ішінде Ресей нарыққа негізінен бидай тұқымын, Қазақстан — күнбағыс тұқымын, ал Армения — жүгері тұқымын жеткізеді.
Бірақ Гоар Барсегянның айтуынша, кейбір дақылдар бойынша импортқа тәуелділік әлі де жоғары деңгейде. Әсіресе қант қызылшасының тұқымына қажеттілік бар.
— Жалпы алғанда бізде импортқа тәуелділік әлі де жоғары, әсіресе қант қызылшасы бойынша айқын байқалады. Әрине, әр елдің өз мүмкіндіктері бар. Соған байланысты қазір ынтымақтастық шеңберінде қант қызылшасы бойынша кооперациялық жобаны қарастырып жатырмыз. Бұл жоба осы бағыттағы импортқа тәуелділікті азайту үшін шараларды күшейтуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте ішкі қажеттіліктерді өзіміздің өндіріс есебінен қамтамасыз ету үшін кооперация аясындағы шараларды біріздендіру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз, — деді ол.
Гоар Барсегян тұқым айналымы саласындағы талаптарды біріздендіру бағытында да жұмыс істеліп жатқанын айтты. Оның ішінде өзара танылатын тұқым сапасы туралы құжаттардың бірыңғай реестрі дайындалып жатыр.
— Одақ шеңберінде үлкен жұмыс жүргізуіміз керек, ең алдымен шараларды біріздендіру, сонымен бірге кооперацияны дамыту аясында тиісті қадамдар жасау қажет, — деді министр.
Одан бөлек комиссия одаққа мүше мемлекеттермен бірлесіп, сорттарында гендік-инженерлік материал бар өсімдік тұқымдарының айналымы туралы заңнамаға талдау жүргізеді. Қазір жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің сапасын анықтау әдістері де әзірленіп жатыр.
Гоар Барсегян айтуынша, ішкі тұқым шаруашылығын дамыту — ЕАЭО-ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарының бірі. Одақта 2025 жылы негізгі тауарлар бойынша азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 93,5 пайызға жеткен. Сол себепті ішкі нарықты өзара толықтыру үшін бұдан да пәрменді шаралар қажет.
Еске салайық, былтыр Қазақстанда суды аз қажет ететін жаңа күріш сорты шығарылды.