Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден қазір Қазақстанның үлесін қайта қарау қашан қаралатынын сұрады.
Өз кезегінде А. Шаққалиев жақын арада бұл мәселе ЕАЭО-ға мүше елдердегі әріптестерімен талқыланатынын айтты.
«Қазір сауда бойынша ахуал өзгерді. Сондықтан баждың пропорцияларын өзгерту керек. Ал оны өзгерту үшін біз жаңа әдістеме дайындап жатырмыз. Бұл мәселе қараша айында қарастырылады», - деді министр.
Бұл тұрғыда ол жаңа әдістеме аясында әр елге тиесілі үлес қайта есептелетінін жеткізді.
«Атап айтқанда, елімізге тиесілі үлесімізді міндетті түрде ұлғайту керек. Бұл тұрғыда «9 пайыз немесе 12 пайыз бола ма?» деген сұраққа қазір нақты айта алмаймын. Жаңа әдістеме бойынша келісіп алуымыз керек. Содан кейін тиісті есеп-қисап жасап, оның деңгейі белгілі болады», - деді ведомство басшысы.
ЕАЭО аясында кедендік баж бойынша Ресейде 85 пайыз, Қазақстанда - 7 пайызға жуық, Беларусьте – 4,8 пайыз, Қырғызстанда – 1,9 пайыз, Арменияда 1,2 пайыз үлесі ескерілген.