ЕАЭО-ның Бірыңғай электр энергетикалық нарығы 2019 жылға қарай жұмыс істей бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай электр энергетикалық нарығы 2019 жылға қарай жұмыс істей бастайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен кеңесте ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.

Үш елдің сарапшыларының қатысуымен электр энергиясы саласындағы мәселелер тыңғылықты қарастырылғанына тоқталған ол, «Атап айтқанда, барлық ұстанымдар келісілді. 2015 жылдың 1 шідесіне дейін Ортақ электр энергетикалық нарықты құру тұжырымдамасы әзірленеді. 2016 жылғы 1 шілдеге дейін тұжырымдама негізінде жалпы электр энергетикалық нарықты қалыптастырудың бағдарламасы жасалады. Бағдарлама шараларын орындау аяқталғаннан кейін, мүше мемлекеттер 2019 жылдың 1 шілдесіне қарай Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын құру туралы халықаралық келісімін бекітеді деп күтілуде. Онда желілерге қол жетімділіктің бірыңғай ережелері қарастырылған», - деді.

Осы орайда вице-министр Қазақстан, Ресей және Белорусьтің электр энергетикалық саласы тарихи түрде ықпалдасқанын атап өтті. Алайда, қазіргі кезде ортақ электр энергетикалық нарық туралы айту біршама ертерек. Бұған үш елдегі нарықтарда қолданыста жүрген әртүр модельдер себеп болуда.