ЕАЭО шекарасындағы бекеттер ветеринариялық қауіпсіздік мәселесін қиындатып отыр – Айдарбек Сапаров
АСТАНА. KAZINFORM –Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шекарасындағы бақылау бекеттер ветеринариялық қауіпсіздік мәселесін қиындатып отырғанын мәлім етті.
— Қазақстан аумағында азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты 64 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері 28,5 мың көлік тексеріліп, 547 көлік кері қайтарылып, айыппұл салынды, — деді ол.
Ведомство басшысы Еуразиялық экономикалық одақтан келетін импорттың ветеринариялық қауіпсіздігіне қатысты қордаланған мәселе бар екенін атап өтті.
— Алайда, ЕАЭО елдерінен келетін өнімді бақылайтын бекеттер шекара сыртында орналасқан. Бұл жүктерді тоқтату мен бақылау жасауды қиындатады. Импортталатын жүктердің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау бекеттері өткізу пункттерінің алаңына орналастырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің Кеден қызметі және ҰҚК Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау қажет, — деді министр.
Бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру қалай жүріп жатқанына шолу жасаған едік.