ЕАЭО Үкімет басшылары бірыңғай цифрлық экономика құру мәселесін тақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіретін елдердің премьер-министрлері 26 мамыр күні Қазанда бірыңғай цифрлық экономика құру мәселесін талқылайды.

ТАСС агенттігі хабарлағандай, бұл туралы «Өнеркәсіпті Ресейдің цифрлық индустриясы» конференциясы аясында өткен пленарлық сессияда РФ байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Николай Никифоров мәлім етті.

«26 мамыр күні Қазанда Еуразиялық экономикалық одағы үкіметаралық кеңесінің отырысы өтеді. Бұл да аса маңызды шара. ЕАЭО-ға кіретін барлық елдердің премьер-министрлері ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық күн тәртібін талқылайды», - деді ол.

Бұған дейін Ресейдің байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі «РФ цифрлық экономикасы» бағдарламасының жобасын дайындағаны хабарланған болатын. Оған сәйкес, 2025 жылы халық өмірінің сапасын жақсартатын бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда. Бағдарлама дамудың сегіз бағытын қамтиды: мемлекеттік реттеу, ақпараттық инфрақұрылым, зерттеу мен әзірлемелер, кадр және білім беру, ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, «ақылды қала» және цифрлық денсаулық сақтау.

Конференция Татарстанда 24-26 мамыр аралғында өтіп жатыр.