ЕАЭО үйлестірілген көлік саясатының «жол картасын» бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 қазан күні Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары Үйлестірілген көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асыру кезеңдерін жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар Жоспарын («Жол картасы») бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Инвестициялар және даму министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шаралар Жоспары 2016 жылғы 26 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық одақтың №19 шешімімен бекітілген одаққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асыру кезеңдерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді.

Көлік саясатын іске асырудың түпкі мақсаты - 2025 жылға дейін Одақтағы көліктің барлық түрлерімен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кездесетін шектеулерді алып тастау.

Бекітілген іс-шаралар Жоспары төрт негізгі бөлімнен тұрады. Жалпы бөлім автомобиль, су және темір жол көлігі  саласында үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының басымдықтары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған іс-шараларды көздейді. Екінші бөлім (автомобиль көлігі) одаққа мүше мемлекеттердің транзиттік әлеуетін пайдалану тиімділігін және автокөлік қызметтерінің сапасын арттыруды, автомобиль жолдары инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуді, жолаушылар тасымалдарын, зияткерлік көлік жүйелерін дамытуды көздейді. Үшінші бөлім (су көлігі) су көлігі саласындағы (теңіз және ішкі су) үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асыруға бағытталған іс-шараларды қамтиды. Төртінші бөлім (темір жол көлігі) тасымалдау бойынша қызметтер мен қызмет көрсету инфрақұрылымын қоспағанда, темір жол көлігінің ортақ қызметтер нарығы мен бірыңғай көлік кеңістігі жұмыс істеуі үшін шарттарды жетілдіруге және құруға бағытталған.

Іс-шаралар Жоспарының орындалуы үш кезеңге жоспарланған. Бірінші кезең 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады.

Бірінші кезең іс-шараларының басым көпшілігі талдау және зерттеу жұмыстарына арналады.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттеріне 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін кеме қатынасы туралы Келісім жобасына қол қоюды қамтамасыз ету тапсырылды.