Эбола безгегі АҚШ-қа жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та Эбола безгегі жұқтырылуының алғашқы оқиғасы тіркелді, деп хабарлады Lenta.ru Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Организміне қауіпті вирус кірген дәрігер Кент Брентли Либериядан Джорджия штатының әскери базасына келді.

Одан ақ түсті қорғаныш костюмін киген дәрігер Атлантадағы Эмори зерттеу Университетінің ауруханасына түсті. Африкада осы қауіпті індетті жұқтырған екінші пациент Нэнси Райтбол да осы ауруханаға емделуге екі күннің ішінде келмек.

АҚШ билігі осы індетті жұқтырған аурулар басқа азаматтарға қауіп тудырмайтынына сенімді, өйткені олар оқшаулау бөлмесіне жатқызылды. Жұқпалы аурулар бойынша маман - дәрігер Джея Варкидің айтуынша, клиникадағы жабдықтар Эбола безгегінен де ауыр сырқаттарды емдеуге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, Батыс Африкадағы вирус құрбандары ақпан айынан бері 672 адамға жеткен. 200-ге тарта адам осы індетті жұқтырған Либерияның билігі шілденің соңында Эбола безгегінің таралу қаупін азайту үшін мектептерді жабуға шешім қабылдады. Сондай-ақ осы елде футболмен байланысты барлық шараларға уақытша тыйым салынды, көптеген шекаралық өткелдер жабылған. Бұл ауру алғаш рет 1976 жылы Заирде Эбола өзенінің жағасында тіркелген, виурстың атауы да сондықтан осылай аталады. Онда 300-ден астам адам безгектің құрбаны болған еді.