Эбола дерті: Конгода әр жарты сағат сайын бір адам көз жұмады

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) болжауынша, бұл аурумен күрес тарихындағы ең ауыр індет болуы мүмкін. Қазір елде әр 30 минут сайын бір адам Эболадан қайтыс болып жатыр, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Фото: lanature.ca

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі үйлестіруші Том Флетчер әлемдегі ірі гуманитарлық ұйымдардың басшылары қатысатын Ведомствоаралық тұрақты комитеттің (МПК) шұғыл отырысын өткізді. Олар індетке қарсы бірлескен шараларды айтарлықтай күшейтуге келісті.

— Вирустың індетке қарсы іс-қимылымыздан озып кетуіне жол бермеуіміз кере, — деді БҰҰ өкілі.

Қосымша 30,5 миллион доллар бөлінді

Флетчердің айтуынша, маусым айының басынан бері белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілген. Агенттіктер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, ал БҰҰ аймаққа Эбола індетіне қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісін жіберді. Халықаралық донорлар індетпен күреске 300 миллион долларға жуық қаржы бөлген.

Жұма күні БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі басшысының орынбасары Төтенше жағдайларға ден берудің орталық қорынан тағы 30,5 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл бұған дейін ДКР мен көршілес төрт елге бөлінген 24 миллион долларға қосымша қаражат. Флетчер сондай-ақ зардап шеккен аймаққа тағы 20 маман жіберді.

— Марқұмдарды қауіпсіз әрі лайықты жерлеуді қамтамасыз ететін топтардың санын екі есе арттыру, емдеу орталықтарының ресурстарын үш есеге көбейту, байланыста болған адамдарды бақылау жүйесін жетілдіру және тәжірибелі басшыларды тарту қажет, — деді ол.

Сонымен қатар аймақтағы таза су мен санитарияға, медициналық көмекке және басқа да негізгі қызметтерге деген орасан қажеттілікті өтеу аса маңызды.

— Қазірдің өзінде екі мыңнан астам адам қаза тапты. Тағы көптеген адам қауіп тобына жатады. Әлем оянып, әрекет етуі керек, — деді БҰҰ-ның төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі үйлестірушісі.

Індет алтыншы провинцияға жетті

БҰҰ баспасөз қызметінің бүгінгі мәліметінше, Бундибуджио вирусы тарала бастағанына үш айға жуық уақыт өткенде, індет ДКР-дың алты провинциясында тіркелді. Ұлттық биліктің 12 тамыздағы дерегіне сәйкес, 4 660-тан астам адамнан ауру расталып, 2 184 адам қайтыс болған. Өлім-жітім көрсеткіші шамамен 47 пайызды құрайды.

Індет тараған сайын БҰҰ-ның гуманитарлық агенттіктері де жұмыс ауқымын кеңейтіп жатыр. Ертеңнен бастап Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ДАҒБ) Эболаны емдеуге арналған қосымша орталықтарда ыстық тамақ тарата бастайды.

Бұл көмек әсіресе маңызды. Өйткені ДКР-дың шығысында Эбола індетінен зардап шеккен аудандарда 2,6 миллион адам азық-түліктің өткір тапшылығына тап болып отыр. Мұндай отбасылардың жартысынан астамы індеттің ошағына айналған Итури провинциясында тұрады. Ал азық-түлік көмегіне қажетті қаржының әзірге 25 пайызы ғана жиналған.