Эбола: Кенияда карантиндік орталықтың ашылуына қарсы жаппай наразылық өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Кенияның Наньюки қаласында жүздеген тұрғын Эбола вирусын жұқтыруы мүмкін адамдарға арналған карантин орталығын ашу жоспарына қарсы наразылық акциясына шықты. Наразылар жобаны толықтай тоқтатуды талап етіп, билікті 9 маусымға дейін орталықты жабуға шақырып отыр, деп хабарлайды Euronews .

Фото: ivyenews.by

Жоспарға сәйкес, нысан АҚШ-тың қолдауымен әскери база аумағында орналастырылады.

Наразылыққа 50 адамға арналған орталықтың америкалық азаматтар үшін ашылатыны себеп болды. Бұл азаматтар Эбола вирусымен байланыста болуы мүмкін, алайда оларда ауру белгілері байқалмаған.

Жоғарғы соттың орталық жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімінен кейін жағдай одан әрі шиеленісе түсті.

Соған қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы күндері Наньюки ауданында әскери авиацияның белсенділігі байқалған. Жергілікті сарапшылар мұны нысанды іске қосуға дайындықтың жалғасуымен байланыстырады.

Жалпы, Кения билігі карантин орталығын құру жоспарын растады.

Елдің денсаулық сақтау министрі Аден Дуаленің айтуынша, бұл жоба төтенше санитарлық жағдайларға дайындықты күшейту және қауіпті аурулардың ықтимал өршуіне жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру бағдарламасының бір бөлігі болып отыр.

Бастапқы жоспар бойынша орталық мамыр айының соңында жұмысын бастауы тиіс еді. Алайда оның болашағы сот талқылауының қорытындысына және биліктің ұстанымына байланысты болмақ.

Еске сала кетсек, өткен аптада ДДҰ Эбола індеті бақылаудан шығып бара жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ осы ұйымның басшысы шекараларды жабу Эболадан құтқармайтынын айтты.

Бұдан бөлек, Конго Демократиялық Республикасында ашулы топ Эбола шатыр-ауруханаларын өртеп жіберді.