Эбола індеті: ДДҰ оң өзгерістер байқалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетіне қарсы күресте оң өзгерістер байқала бастағанын хабарлады. Алайда ауру әлі де таралып, адам өліміне себеп болып отыр, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: ЮНФПА/Дж. Юнус

Бұл туралы ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді.

– Эбола індетімен күресте басымдыққа ие болып келе жатқанымызды көрсететін үміттендірерлік белгілерді байқай бастадық. Емдеу әдістерін сынау және сауығып кеткен адамдардың қайта жұқтыруының алдын алу жұмыстары қарқын алып келеді. Вакциналарды сынау алдағы апталарда басталуға тиіс. Бірақ індет әлі де таралып, адам өмірін қиып жатқанын ескеріңіздер, – деді ол Africanews телеарнасына берген сұхбатында.

Конго ДР-дың Байланыс және БАҚ министрлігінің мәліметінше, елде Эбола безгегінен зертханалық түрде расталған өлім жағдайларының саны 3,5 мыңнан асты. Қайтыс болғандардың жалпы саны 3 510 адамға, ал Эбола вирусын жұқтырғандар саны 7 258 адамға жетті. Өлім-жітім деңгейі 48,4%-ды құрады.

Ауру белгілері бар 903 науқас елдегі ауруханалар мен медициналық оқшаулау орталықтарында ем алып жатыр. Эбола жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтарды бақылау деңгейі 78,6%-ға жетті.

Бүгінде Эбола індеті елдегі 26 провинцияның жетеуіне таралған. Қазіргі індеттің ошағы саналатын Итури провинциясына аурудың расталған жағдайларының 78%-ы тиесілі.

Конго ДР мен Угандада Эбола індеті 15 мамырда басталды. Ол Африкадағы бұл ауруды бақылау тарихындағы адам өлімі жөнінен екінші ірі індетке айналды. Уганда 28 шілдеде Эбола індетінің аяқталғанын жариялады, ал ДДҰ бұл шешімді 25 тамызда растады.

Эболаның тарихтағы ең ірі өршуі 2014–2016 жылдары Батыс Африкадағы Гвинея, Либерия және Сьерра-Леоне аумақтарында тіркелген. ДДҰ мәліметінше, сол кезде 28,6 мың адам ауру жұқтырып, 11 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Эбола вирусы адамға жабайы жануарлардан жұғады. Адамның Эбола вирусын жұқтыруының алғашқы жағдайы қазіргі Конго ДР аумағында 1976 жылы тіркелген. Қазіргі Эбола індеті – ел тарихындағы 17-ші жағдай.

Айта кетейік, бұған дейін Эбола індеті Конгоның жеті провинциясына тарағанын жаздық.