Эбола індеті Конгоның жеті провинциясына тарады

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола безгегінің өршуі әлі де қарқынды сипат алып отыр. Індет одан әрі таралып барады. Қазіргі таңда елдің жеті провинциясында ауру жұқтырғандардың саны шамамен 7200 адамға жетіп, олардың 3500-ге жуығы көз жұмған. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңалықтар қызметі хабарлады.

Фото: gesund.bund.de

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) халықаралық қауымдастықты КДР-ға қолдауды күшейтіп, індетті бақылауға алуға шақырды.

БҰҰ-ның Эбола індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейс:

— Індет әлі де ауқымды әрі аса қауіпті күйінде қалып отыр, — деді.

Оның айтуынша, кейбір аймақтарда жағдайды жақсартуға қол жеткізілгенімен, басқа өңірлерде ауру жұқтыру жағдайлары әлі де артып келеді. Әсіресе Солтүстік Киву провинциясында жағдай күрделі.

Эпидемия ел аумағының едәуір бөлігін қамтыды. Ауру тараған аймақтардың кейбірі екі түрлі уақыт белдеуінде орналасқан. Ал олардың арасында әуе қатынасы арқылы жетудің өзі екі жарым сағаттан астам уақыт алады. Мамандардың жұмысына қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар да кедергі келтіріп отыр.

Харнейстің айтуынша, КДР тұрғындарының басым бөлігі індетке қарсы қабылданып жатқан шараларды қолдайды. Алайда адамдардың шағын тобы, негізінен жас ер адамдар, медицина қызметкерлері мен індетпен күреске қатысып жатқан басқа да мамандарға шабуыл жасауда.

Індетті әзірге бақылауға алу мүмкін болмай отыр

Елдің әр өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Солтүстік Кивуда ауру жұқтыру жағдайлары жылдам өсіп келеді.

Оңтүстік Суданмен шекараға жақын орналасқан Жоғарғы Уэле провинциясында да апта сайын 30-40 жаңа жағдай тіркеледі.

Ал Оңтүстік Кивуда мамыр айынан бері жаңа жағдай анықталған жоқ. Оңтүстік Убанги провинциясында болса, жақында Эбола жұқтырған бір адам тіркелді.

ДДҰ-ның эпидемиология және операциялық қызметті талдау бөлімінің басшысы Оливье Ле Поленнің айтуынша, қазіргі уақытта жаңа жағдайлар тіркелмей отырған аймақтардың өзінде де эпидемиологиялық бақылау мен науқастарды анықтау жұмыстары жалғасуы тиіс.

Вирустың таралу ауқымын ескерсек, жағдайды толық бақылауға алу үшін әлі де ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін.

Қарқындылықты төмендетуге болмайды

КДР билігі, гуманитарлық ұйымдар және Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары індетке қарсы іс-қимылды тығыз үйлестіріп отыр, деді Харнейс.

Кешенді шаралардың нәтижесінде ауруханалардағы төсек-орын саны артты. Сонымен қатар вакцинация және профилактикалық емдеу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда.

БҰҰ мен ДДҰ өкілдері жағдайдың жақсаруының алғашқы белгілері байқалған күннің өзінде қабылданып жатқан шараларды әлсіретуге болмайтынын ескертті.

Мамандардың пікірінше, жағдайдың біршама тұрақтану белгілеріне қарамастан, эпидемия қайтадан күшеюі мүмкін. Сонымен қатар ауру жұқтыру жағдайларының саны КДР тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеткені атап өтілді.

Қаржы тапшылығы

Эпидемиямен күрестегі негізгі мәселелердің бірі — қаржы тапшылылығы.

Эбола індетіне қарсы күреске ғана емес, қазіргі таңда қажетті қаржының 49 пайызы ғана қамтамасыз етілген кең ауқымды гуманитарлық операцияға да қосымша қаражат қажет.

БҰҰ мен ДДҰ өкілдерінің айтуынша, қаржыландыруды уақытында қамтамасыз ету Эболаның одан әрі таралуын тежеуге және әлдеқайда ауыр гуманитарлық әрі экономикалық зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Конгода Эбола вирусын жұқтырғандар саны 7 мыңнан асқанын жаздық.