Бұл мәліметті Ресей білім академиясы президентінің орынбасары, эпидемиолог әрі академик Геннадий Онищенко айтты.
Маманның сөзінше, Эбола қызбасы ауыр өтетіндігімен ғана емес, аурудан айыққан адамның 6 ай бойы инфекция қоздырғышын тарата беруімен қауіпті.
— Эболаның қауіптілігі неде? Адам бұл дерттен жазылып, аман қалғанның өзінде тағы 6 ай бойы Эбола вирусын айналасына жұқтырады, — деді сарапшы.
Конго Демократиялық Республикасының билігі Эбола безгегінің өршуі туралы 15 мамырда жариялаған болатын. Оған вирусқа қарсы вакцина да, арнайы емі де жоқ Бундибуджио штамы себеп болған. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, бұл аурудан өлім-жітім деңгейі 28,8%-ға жетті.
Ауру жұқтыру деректері көршілес Угандада да тіркелген. Сондай-ақ Францияда Конгодан оралған дәрігерден Эбола вирусы анықталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекцияның жылдам таралып жатқанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, індетпен күреске қауіпсіздік мәселелері, науқастармен байланыста болған адамдарды анықтаудағы қиындықтар және жергілікті тұрғындардың бір бөлігінің медицина қызметкерлеріне сенімсіздігі кедергі келтіріп отыр.
Ал Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары аймақтағы індетке қарсы күреске шамамен 1,4 млрд доллар қажет деп бағалады.
Бұған дейін Конгода Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 500-ге жақындағаны туралы хабарладық.