Конгода эболадан қайтыс болғандар саны 900-ден асты

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола індетінен көз жұмғандар саны 930 адамға жетті. Ел билігі 2,3 мыңнан астам расталған жұқтыру дерегін тіркеді, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: pixabay.com

КДР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, 15 мамырда індет жарияланғаннан бері елде Эбола вирусын жұқтырудың 2 344 расталған жағдайы анықталған.

Қайтыс болғандар саны 930 адамға жетіп, аурудың өлім-жітім деңгейі шамамен 40 пайызды құрады.

Ведомствоның мәліметінше, науқастардың басым бөлігі елдің солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында тіркелген. Билік өкілдері қауіпсіздік жағдайының күрделілігі мен науқастармен байланыста болған адамдарды анықтаудағы қиындықтар індетпен күресті қиындатып отырғанын мәлімдеді.

Эбола вирусы геморрагиялық қызбаның аса қауіпті түрлерінің бірі. Ол алғаш рет 1976 жылы Суданның Нзара қаласы мен Конго Демократиялық Республикасының Ямбуку қаласында бір мезгілде тіркелген.

КДР-дегі алғашқы ошақ Эбола өзенінің маңындағы ауылда анықталған. Кейін ауру осы өзеннің атауымен аталды.

2013 жылдың желтоқсанында вирус Батыс Африкаға тарады. 2014–2017 жылдары Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде болған эпидемия кезінде шамамен 30 мың адам вирус жұқтырып, 11 мыңнан астамы қайтыс болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, қазір КДР-де таралған Bundibugyo штамына қарсы мақұлданған вакцина жоқ. Сондықтан індетті ауыздықтауда ерте диагностика, байланыста болғандарды жедел анықтау және дер кезінде медициналық көмек көрсету шешуші рөл атқарады.

Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында Эбола жұқтырғандар саны 2 мыңнан асқанын хабарланған еді. Сондай-ақ ДДҰ елдегі жағдайды дағдарыстық деңгейде бағалап, жұқтыру деректерінің көбеюіне, қаржыландыру тапшылығына және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударған болатын.