Эдгард Запашный Гиннестің рекордтар кітабына енді

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Танымал хайуандар үйретуші Эдгард Запашный шауып келе жатқан ат үстіндегі акробаттық трюгімен Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп жазады BNews.kz порталы «Московский комсомолец» газетіне сілтеме жасап.

«Ат үстіндегі акробаттар» трюгін (екі ат үстінде бірінің үстіне бірі мінген үш адамнан құрылған баған) мен бір жарым жыл дайындадым. Осы нөмірді Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін біз қажетті құжаттардың бәрін жіберіп, екі айдан кейін олардың оң жауабы мен құттықтауларын алдық. Жақын арада бізге сертификат беріледі», - деп әңгімеледі Запашный.

Оның айтуынша, бұл трюктің ерекшелігі сол, онда аяқты атқа байлап қою деген жоқ, яғни, әртістің шауып келе жатқан екі аттың үстіндегі аяқтары еш жерге бекітілмейді. Онымен қоймай Эдгардтың иығына жалпы салмағы 110 килограмм болатын «Ағайынды Запашныйлар циркінің» акробатика бойынша спорт шеберлері Александра Блинкова мен Кристина Грицаенко көтеріледі.

«Гиннестің рекордтар кітабы сарапшыларының талабы бойынша, біз он метр жүріп өту керек болатынбыз, алайда біз 20 метр жүріп өттік», - деп ескертті Запашный.