Еділ Сүлейменов парамен ұсталардан бір күн бұрын «соңғы» баяндамасын жасаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін белгілі болғандай, кеше, 28 шілде күні Астана қаласы әкімдігі Жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов қылмыс үстінде ұсталды.

Бір күнде қатарынан екі пара алған ол 27 шілдеде, яғни, парамен ұсталардан бір күн бұрын  қалалық қоғамдық кеңестің тыңдалымында халыққа өз басқармасының  жұмысы жайлы баяндама жасаған.

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңес журналистерге арнап брифинг өткізді. Брифинг тақырыбы  27 шілдедегі Қоғамдық кеңестің қоғамдық тыңдалымының қорытындысы болды. Брифингке қатысқан Қоғамдың кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов парамен ұсталған шенеуніктерді жазалау  құқық қорғау органдарының жұмысы дейді.

 «Әрине, жемқорлыққа қарсы шара қолдану, жергілікті проблемалар болса, оған пікір айту қоғамдық кеңестің міндеті. Бірақ, әрбір шенеунік осындай жұмыспен шұғылданып, қолға түссе, заңды түрде заң қорғаушы органдардың алдында басымен  жауап беруі керек. Біздің жұмысымыз осы мәселені мониторинг етіп, зерттеп, неден пайда болып жатыр, қай жолмен тосқауыл қою керек деген мәселелер бойынша әкімге немесе мәслихатқа ұсыныс  білдіру. Еділ Сүлейменовті  ісін зерттеп, анықтап, ары қарай сотқа жолдау құқық қорғау органдарының міндеті»,-дейді Сансызбай Есілов.

С.Есілов жолаушылар басқармасының бұрынғы жетекшісі Еділ Сүлейменовтің парамен ұсталғанын бүгін естіп отыр екен.

«Мен Еділ Сүлейменовтің ұсталғанын сіздерден естіп отырмын. Күні кеше ғана ол біздің алдымызда қосымша баяндама жасаған еді...Мен онымен тікелей жұмыс істеген  жоқпын. Осыған дейін қалалық мәслихат хатшысымен жұмыс істеген едік. Ол басқарма жетекшісі болып жұмыс істегеннен бері  бір жыл тіпті одан да аз уақыт өткен  шығар...Оның қолға түскенін білген жоқпын....»,-деді С.Есілов.

Сансызбай Есіловтің хабарлауынша, 27 шілде күні Еділ Сүлейменов Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошуннан кейін, осы жолаушылар тасымалы, қоғамдық көлік саласында атқарып жатқан жұмысы туралы қосымша баяндама жасаған. Ал, Астана қаласы бойынша Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментінің хабарлауынша, Еділ Сүлейменов жолдағы кедір-бұдыр белгілердің жөнделгені туралы жасанды акт қабылдап, оның үстіне, сол кәсіпкерді «қара тізімдегі» кәсіпкерлер тізіміне енгізбеу үшін 1,5 млн теңге, екінші кәсіпкерден аялдама павильондарын сырлау және жуу бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін пара түрінде тағы 600 мың теңге алған.

Бұл жұмыстардың орындалмағанын біле тұра, орындалды деп қол қою үшін пара сұраған Еділ Сүлейменов қоғам алдында қоғамдық көлік тасымалын жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз деп баяндама жасаған.

Қоғамдың кеңестің төрағасы Сансызбай Есіловтен Еділ Сүлейменовтің баяндамасын тыңдаған адам ретінде оның «соңғы» баяндамасы не жайлы болды деп сұрадық.

«Екі күн бұрын ол қоғамдық кеңестің алдында қоғамдық көліктің жұмысы жөнінде әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошуннан кейін қосымша баяндама жасады. Баяндама барысында қоғамдық көліктің жағдайы жөнінде, әкімдік қолданатын шаралар туралы, автобустардың  жаңаруы, электронды төлемақы жөнінде айтты. Қоғамдық жолаушылар тасымалының жағдайы жақсы деген жоқ. Бірақ бүгінгі жағдайы жөнінде, қолданып жатқан шаралар жөнінде айтып берді. Жалпы, бәрі жақсы деп айтуға әкімшіліктің аузы бармай жатыр. Ендігі жылы ЭКСПО өтеді, ал атқаратын жұмыс әлі көп»,-деді Е.Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков әкімдіктегі басқармалардың санын қысқарта отырып, 2015 жылдың 16 қарашасында Еділ Сүлейменовті жолаушылар көлігі басқармасының басшысы етіп тағайындаған.