Павлодарда инклюзивті білім беру мен волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» атты ауқымды халықаралық форум өтті. Форумда волонтерлік саланы жаңа сапалық деңгейге көтеру, инклюзия мәдениетін қалыптастыру және халықаралық серіктестікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова Ертіс-Баян өңіріндегі еріктілер қозғалысының өсіп-өркендеу қарқынына тоқталды. Айтуынша, бүгінде жергілікті волонтерлер мемлекеттік құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен және бизнес өкілдерімен тығыз диалог орнатқан. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жедел әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
— Ерікті болу — жай ғана хобби емес, бұл — белсенді азаматтық ұстанымның көрінісі. Волонтерлер өздерінің күнделікті игі істері арқылы ел Конституциясында айқындалған құндылықтарды өмірде шынайы жүзеге асырып келеді. Олар мұқтаж жандарға мейірім қолын созып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуда. Өзара көмек пен ынтымақтастық мәдениетін нығайтуда еріктілердің атқаратын рөлі орасан зор, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Өңірдегі волонтерлік қозғалыстың басты қозғаушы күші — жастар. Осы орайда Павлодар облыстық студенттік құрылыс және жастар жасақтарының «Жасыл ел» штабы ауқымды жобаларды еңсеріп келеді. Штаб қызметі тек қоршаған ортаны көркейтумен шектелмей, уақытша жұмыссыз жүрген немесе оқу орындарына түспеген (NEET санатындағы) жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеуге бағытталған. Осындай бастамалардың арқасында жүздеген жас өрен алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, патриоттық және экологиялық акцияларға белсене араласып отыр.
Форум барысында ерекше назар аударылған басты бағыттардың бірі — инклюзивті қоғам қалыптастыру. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 30 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады, олардың 4 200-ден астамы — балалар. Ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік бейімдеу үшін аймақта 23 даму және ерте араласу орталығы, сондай-ақ 35 арнайы білім беру ұйымы тұрақты жұмыс істеп тұр. Инклюзивті ортаны дамытуда «Алтын бата» және «Альрами» клубы»қоғамдық қорларының еңбегі ерекше. Ал іздестіру жұмыстарымен айналысатын «VITA» жасағы, патриоттық бағыттағы «Майдан жолы» ұйымы және Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы да еріктілік қозғалыстың берік діңгегіне айналған.
Еріктілер қызметін заңнамалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова Павлодар өңірінің бұл бағыттағы көшбасшылық орнын ерекше атап өтті. Павлодарда 2020 жылдан бері волонтерлік бастамаларды шағын гранттар арқылы қаржыландыру механизмі сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта бұл саланың жұмысын Ұлттық фронт-офис үйлестіруде. Министрлік өкілінің хабарлауынша, жыл соңына дейін саланы сапалы түрде өзгертетін бірқатар стратегиялық құжаттар мен инновациялық құралдар қабылданады. Атап айтқанда, волонтердің цифрлық паспорты мен волонтерлікті дамыту ұлттық индексі пайда болады. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі тұжырымдама қабылданады.
— Жылдар бойы жинақталған волонтерлік тәжірибені енді ресми түрде мойындау жүйесін енгізуді ұсынып отырмыз. Түлектердің немесе жастардың волонтерлік белсенділігі жоғары оқу орындарына түсу кезінде немесе алғаш жұмысқа орналасу барысында ескерілуі тиіс. Халықаралық волонтерлер жылы аяқталғанымен, бұл саладағы қолдау механизмдері тоқтамайды, керісінше тұрақты институт ретінде қалыптасады, — деді Гүлбара Сұлтанова.
«Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк Қазақстанның бұл саладағы жинақтаған тәжірибесі халықаралық деңгейде үлгі етуге тұрарлық екенін тілге тиек етті. Бүгінде республика бойынша 800-ден астам ресми ұйым мен 3 500-ден астам бастамашыл топ тіркелген.
Форумның басты жеңісі — халықаралық деңгейдегі келісімдер мен тәжірибе алмасу болды. Қырғыз Республикасынан келген «Даамду Н» және «БурИс» қорларының негізін қалаушы Нишана Жээналиев Павлодардағы кездесудің нәтижелі болғанын жеткізді. Меймандар қазақстандық әріптестерімен бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асыруға келіскен.
Сондай-ақ, халықаралық форум аясында павлодарлық волонтерлер үшін жаңа халықаралық көкжиектер ашылатыны белгілі болды. Олар биыл екі ірі ауқымды шарада бой көрсетеді: Каспий өңіріндегі волонтерлік апталық және Астана қаласында өтетін ТМД елдері волонтерлерінің форумы.
Павлодарда өткен бұл халықаралық форум азаматтық қоғамды дамытуға, инклюзия мәдениетін тереңдетуге және шекарааралық достықты нығайтуға қуатты серпін берді. Өңір еріктілері енді халықаралық жобалардың белсенді қатысушысы ретінде жаңа бастамаларды жүзеге асыруға кіріспекші.
Еске сала кетейік, Қазақстан БҰҰ алаңында волонтерлікті дамытудың үздік тәжірибелерін таныстырды.