ЕЭК Қазақстанда инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған ұсынымдары әзірледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасы «Еуразиялық экономикалық комиссияның Қазақстан Республикасында инфляция деңгейін (тұтыну бағаларының индексін) төмендетуге бағытталған шаралар бойынша ұсыныстары туралы» ұсынымдарды (бұдан әрі - Ұсынымдар) әзірлеп, қабылдады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Еуразиялық экономикалық комиссиясы (бұдан әрі - ЕЭК) ұсынымдарды Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген және Еуразиялық экономикалық одағының (бұдан әрі - ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасындағы осы көрсеткіштің ең төменгі мәні ескеріле отырып айқындалатын инфляция деңгейі көрсеткішінің сандық мәнінен асып кетуіне байланысты әзірледі.

Экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен жекелеген мүше мемлекеттердің 2012-2015 жылдары асып кетуіне қарамастан, бұл ЕАЭО макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ЕЭК дайындаған екінші құжат ғана. Осылайша, ЕАЭО мүше мемлекеттердің экономикалық орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асқан жағдайда Ұсынымдар әзірлеудің орындылығын айқындауға ЕЭК тарапынан іріктеу тәсілінің қолданылғанын байқауға болады.

Тұтастай алғанда ЕЭК-тің Қазақстан үшін ұсынымдары жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына қайшы келмейді және ЕЭК өкілдерінің Қазақстанның уәкілетті органдарымен, оның ішінде Ұлттық Банкпен екіжақты консультациялар барысында бірлесіп әзірленді. Атап айтқанда, Ұсынымдар инфляциялық таргеттеу режімін қолдануды, ақша-кредит саясатының транспаренттілігін арттыруды, инфляция бойынша ұлттық нысаналы бағдарға қол жеткізуді қамтамасыз етуді көздейді.