Оның атап өтуінше, комиссия одақ алдында тұрған сын-тегеуіріндерге дер уақытында жауап беру, жаңа тенденцияларды іліп алу үшін әлемдік экономикада орын алып жатқан жайттарды қадағалап отырады. Осы ретте Татьяна Валовая мұндай тенденциялардың бірі цифрлық экономика екендігін баса айтты.
«Өздеріңіз де білетіндей, біздің президенттеріміз өткен жылы цифрлық күнтәртіп туралы арнайы декларация қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта біз бұл мәселемен өте белсенді жұмыс істеп жатырмыз (...). Цифрлық күнтәртіп жүйелі мәселе. ЕЭК-тің барлық блоктары бұл тақырыппен жұмыс істе жатыр. Мәселен, менде макроэкономикалық блок. Біз криптовалютамен, оларды реттеумен байланысты мәселелерді, блокчейн проблематикасын белсенді зерделеудеміз. Бұл мәселеге қатысты бірқатар шаралар өткіземіз және соның бірін Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз шілде айында ол шарамыз өтеді деп үміттенеміз», - деді Татьяна Валовая Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы алдында қазақстандық журналистерге берген сұхбатында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресейдің Сочи қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтеді.
Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысады.
Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы көпбағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен ағымдағы жұмыс барысы сөз болады деп күтіледі.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Дана Жүнісованың айтуынша, күн тәртібіне 15 мәселе қойылған. Олардың екеуі шағын құрамда қаралады.
Айта кететін мәселе, басқосудың күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі ЕАЭО-ның халықаралық келіссөздері туралы келісімге үшінші елдермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық ықпалдастық бірлестіктерімен қол қою болып табылады.
Аталмыш келісім үшінші елдермен халықаралық келісімдер жасау, оларды тоқтату және күшін жоюдың тәртібін қалыптастырады. Сондай-ақ келіссөз жүргізуші делегацияның жұмысы мен оның басшысының өкілетілігін нақтылайды. Бұл ретте құжат келіссөз жүргізуші делегацияның келіссөз жүргізу позициясы мен құжаттардың жобаларын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен міндетті түрде келісілуін қарастырады.
Жиында сонымен қатар, 2017 жылдың 14 сәуірінде Бішкекте өткен ЖЕЭК қорытындысы бойынша, мемлекет башыларының тапсырмалары негізінде дайындалған ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ережені бекіту көзделіп отыр.
ЖЕЭК-тің осы жолғы отырысы барысында Қырғызстанның ЕАЭО туралы Келісіміне қосылуы туралы келісімге өзгеріс енгізуге қатысты екі хаттамаға қол қойылатыны күтіледі. Аталмыш құжаттар Қырғызстанның ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінің өткізу кезеңін одақтың кеден талаптарына сәйкестендіруде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында кедендік тасымал баждарының көлемін нақтылау нормативтерінің жаңа мерзімін қарастырады.
Бұған қоса, жиында Армения мен Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүше болған 2 жылдағы жұмыс нәтижелері сөз болмақ.