ЕЭК-те алғаш рет ЕАЭО энергиялық ресурстары ортақ нарықтарын құрудың экономикалық тиімділігі туралы баяндады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде ЕЭК-тің энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тайыр Мансұров «Х Халықаралық энергетикалық апталық - XV Бүкілресейлік мұнай және газ апталығы» атты біріктірілген мерейтойлық форумда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) энергиялық ресурстары ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы баяндама жасады.

Форумға мемлекеттік қайраткерлер, 30-дан астам елден жиналған ірі халықаралық энергетикалық ұйымдар және ұлттық энергетика министрліктерінің, ғылыми-зерттеу және талдау орталықтарының, жетекші энергетикалық компаниялардың басшылары мен сарапшылары қатысты.

«Әлемдік энергетика және өркениетті дамыту» атты бас сессияда сөз сөйлеген Тайыр Мансұров: «ЕАЭО-ның бірінші кезектегі міндеттері - үйлестірілген энергетикалық саясатты жүргізу және электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын кезең-кезеңмен қалыптастыру. Осы нарықтардың аясында энергиялық ресурстардың Одаққа мүше-мемлекеттердің аумақтарымен еркін өтуін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті ортаны құру, энергия тасымалдаушыларды тасымалдау және транзиттеу саласында табиғи монополиялар қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды бірлесіп дамыту және келісілген тарифтік саясатты өткізу шамаланып отыр», - деп атап өтті.

Министрдің айтуынша, ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастырудың бірінші кезеңі аяқталған - 8 мамырда оның тұжырымдамасы бекітіліп, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылдануы жоспарланып отырған бағдарламаны әзірлеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2016-2018 жылдары өтетін екінші кезеңде ЕАЭО елдері бұл бағдарламаның шараларын іске асырады және 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай тиісті халықаралық келісім орнатылады. Үшінші кезеңде бұл нарықтың жекелеген сегменттері қызметінің алгоритмдері мен механизмдері тестілеу режимінде қаралады, ал 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап ол толыққанды іске қосылады.

Тайыр Мансұров алғаш рет ЕАЭО энергиялық ресурстарының ортақ нарықтарын құрудан болатын экономикалық тиімділіктің бағалануын жариялады. Осылайша, РҒА жанындағы өндірістік күштерді зеттеу Кеңесі мен Ресей Экономикалық даму министрлігінің бағалауынша, Одаққа ортақ электрэнергетикалық тиімділікті құрудан түскен ЖІӨ-нің қосымша өсімі синергетикалық тиімділікті есепке алғанда жылына 7-7,5 млрд АҚШ долларын құрай алады. Энергетика және қаржы институты газдың ортақ нарығының жұмысынан ең аз тікелей экономикалық тиімділікті жылына 1 млрд. АҚШ долларына бағалап отыр, мультипликативтік тиімділікті есепке алғанда ол тағы кем дегенде жылына 3-4 млрд. АҚШ долларын құрайды. Экономикалық стратегиялар институтының бағалауынша, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудан болатын жиынтық тиімділік 5 жылдың ішінде 5-тен 8 млрд.-қа дейін АҚШ долларын құрайды.