«Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы - бұл күйреген КСРО-ны қайта қалпына келтіруге талпыныс жасау емес, қайта шын мәніндегі инновациялық жоба. Өткенге қайтып бармаймыз - бұл біздің бәріміздің ортақ ұстанымымыз. Біз артқа шегінбейміз, керісінше, алға қадам басамыз»,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы 25 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысының аясындағы баспасөз мәслихатында. Ал, ЕЭО-тың іртетасы болып саналатын Кеден Одағы (КО) мен Ортақ экономикалық кеңістік (ОЭК) қазақстандық кәсіпорындарға қандай пайда әкелді? Экономикалық интеграцияның отандық экономикаға қалай жағымды ықпал еткенін қысқаша сараптап көрсек.
Кеден Одағы аясында бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызу және өзара сауданы ырықтандыру дағдарыс кезеңінде дайын тауарларды жеткізу көлемін сақтап қана қоймай, соның ішінде шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген дайын тауарлар шығару көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл орайда Қазақстанның КО елдерімен арадағы сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу динамикасын сақтауда. Мәселен, ол 2013 жылдың қорытындылары бойынша 24,3 млрд. АҚШ долларын құрап, 2010 жылы КО құрылған кездегі 18,8 млрд-тан 29 пайызға ұлғайды. Тауар айналымының құрылымында әзірше импорттың үлесі басым. Өткен жылы ол 18,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Атап айтарлығы, импорттың 96 пайызға жуығы еліміздің басты саудалық әріптесі - Ресей Федерациясының үлесіне тиеді. Бұл мемлекеттен мұнай өнімдері, жеңіл автокөліктер, шоколад, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, ыдыс жуатын сұйықтар, жиһаз және т.б. халық тұтынатын тауарлар тасымалданады.
Енді экспортқа келейік. 2013 жылы Қазақстанның КО елдеріне шығарған экспорттық өнімдерінің жалпы көлемі 5,9 млрд. АҚШ долларын құраған. Сонда экспортымыздың көлемі өсті ме, әлде, кеміді ме? 2010 жылмен салыстырып қарасақ, экспорт көлемі шикізаттық тауарлар экспортының қысқаруы есебінен 3,3 пайызға төмендесе, дайын тауарларды жөнелту есебінен 10,3 пайызға жоғарылаған. Айта кетелік, дайын тауарлар экспортында 350 млн. АҚШ долларына жуық сома кері экспорттың да үлесі бар. Экспорттың құрылымы мынадай үш бағыттан тұрады: шикізат экспорты (темір, хром, мыс рудалары мен концентраттары, көмір, бидай, мұнай газдары), өңделген аралық тауарлар экспорты (иілген темір, уран, алюминий, ферроқорытпа), өңделген дайын тауарлар экспорты (тұрбалар, тұрбалар мен пішіндер, жүк автокөлігі, иінтіректер, құбыр желісіне арналған арматуралар, фосфинаттар, аккумуляторлар, мыстан жасалған сым, кондитерлік өнімдер және шоколад, мақта талшығы, ұн).
Ендігі кезекте отандық экспортты өсіруге ат салысып отырған бірнеше кәсіпорындарды мысалға келтірейік. Мысалы, «Huyndaі» маркалы аз жүкке бейімделген жүк автокөліктерін шығаратын «Huyndai Commercial Vehicle Manufacturing» ЖШС-і 2011 жылы Беларусьқа 4 автокөлік шығарудан жұмысын бастаған. Ал, 2013 жылы бұл кәсіпорын экспортқа 460 жүк автокөлігін шығарса, биыл ол көрсеткішті 510-ға жеткізуды жоспарлап отыр. 2013 жылы аталған компания 10,5 млн. АҚШ долларына экспорттық өнімдер шығарса, соның ішінде 90 пайызын КО елдеріне жөнелткен. Сондай-ақ, 2010 жылдың соңында өзінің өндірістік қуаттарын жетілдірген «Өскемен арматура зауыты» АҚ-ы да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Нәтижесінде, компания КО елдеріне шығарған ілмекті арматура экспортын 1,4 есеге, 43,1 млн. АҚШ долларына жеткізген. Бұл өнімдердің 72 пайызы Ресейге экспортталады. Өскемендегі конденсатор зауыты да 2013 жылы 8,5 млн. АҚШ долларына шығарған өнімдерінің 73 пайызын экспортқа жіберген. Соның ішінде, 64 пайызы - Ресейге, 1 пайызы - Беларусьқа, қалған 8 пайызы - басқа нарықтарға жіберілген. 2011 жылы іске қосылған жобалардың бірі - «Қайнар-АКБ» ЖШС-і. Бұл компания қорғасын-қышқылды аккумуляторлық батареялар шығарады. Өндірісті жетілдіргеннен кейін, 2012 жылмен салыстырғанда КО елдеріне шығарылған аккумуляторлар экспорты 1,7 есеге өсіп, 30 млн. АҚШ долларына жетті. Жалпы экспорттағы өнімдер үлесі - 79 пайыз.
Бұл көрсеткіштерден қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің айтарлықтай өскенін көреміз. Сонымен қатар, ЕЭО біздің инвестициялық тартымдылығымызды да арттыра түсетіні анық. Сайып келгенде, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған кезде отандық кәсіпкерлер де басқалармен әділ бәсекелесе алады. Бұдан біз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Алдағы уақытта еуразиялық интеграцияға балама болмайды» деген сөзінің толық расталғанын көреміз. Осыдан екі жыл бұрын елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесуінде Елбасы: «Біздің сыртқы саясатымыз ешуақытта геосаяси аңқаулықтан зардап шеккен жоқ. Сондықтан, XXI ғасырдағы жаһандық экономика мен саясаттың аймақтану үдерісін ескере отырып, біз еуразиялық интеграцияны тереңдете береміз. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құруға дәйектілікпен бара жатырмыз. Өйткені, бұл аймақтық тұрақтылықтың, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың, технологиялық секіріс жасаудың аса маңызды факторы» деп қадап айтқан. Бұдан шығатын қорытынды, арадағы уақыттың өзі экономикалық интеграцияның барлық мемлекеттер үшін тиімді, пайдалы екенін дәлелдеп берді. Әмірлан Әлімжан