Егембердиев ALASH PRIDE турнирінде өзбекстандықты жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ММА шебері Евгений Егембердиев ALASH PRIDE турнирінің басты жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Қапшағайда ALASH PRIDE турнирінде қазақстандық Евгений «Метис» Егембердиев Өзбекстаннан келген спортшы Муродбек «Волкодав» Азимовпен айқасты.

Айта кетейік, көптеген мамандар мен жанкүйерлер тартысты жекпе-жекті көреміз деп үміттенген болатын. Алайда,  айқас тез аяқталды. Евгений Егембердиев Муродбек Азимовті бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Егембердиев бұрын әуесқой боксшы болған. 2006 жылғы студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазіргі таңда ММА-мен айналысып жүр. Оның қарсыласы Муродбек Азимов кәсіби бокста, аралас  жекпе-жекте және кикбоксингте өнер көрсететін әмбебап спортшы.

Осылайша, қазақстандық балуан Евгений Егембердиев 93 келіден астам салмақ дәрежесінде ALASH PRIDE тұжырымы бойынша чемпион белбеуін жеңіп алды.