«Егемен Қазақстан» газеті Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» атты кітабының тұсауын кесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітапқа қаламгердің еш жерде жарияланбаған тек «Егеменде» жарық көрген мақалалары біріктірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - «Егемен Қазақстан» газеті кітапханасы» атты арнайы сериямен жарыққа шыққан тұңғыш кітап. Бұл - қабырғалы қайраткер Кекілбаев керуенінің басы. Серияның екінші, үшінші томдары Тәуелсіздік туралы толғауларды құрайды. Төртінші том Шерхан Мұртазаға арналады. Сосын Егеменнің жүз жылдық тарихында осы қара шаңырақта қызмет еткен тұлғалардың еңбектері, шығармалары жарық көрмек. Бір ерекшелігі бұдан кейінгі кітаптардың барлығы да дәл осындай сериямен, дәл осындай дизайнмен, стильмен шығып тұратын болады.  Қазақ елі барда Әбіш Кекілбаевтың шығармалары, асыл мұралары тоқтамай, Мәңгілік Елге сапар шегеді деген ойдамыз. Кітапқа Әбіш ағамыздың 400-ден аса мақалалары біріктірілген», - деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
 

Оның айтуынша, кітапта Әбіш Кекілбаевтың 1990 жылдан бастап жарияланған мақалалары берілген.

«Дәуір дауысы» атты осы тұңғыш кітап  «Егемен Қазақстан» газетінің Әбіштануға қосқан үлесі. Ендігі мақсат тау тұлғаны жастар арасында ғана емес, әлемдік деңгейде насихаттауға үлес қосу», - дейді Дархан Қыдырәлі. 

Сонымен қатар, бүгін «Егемен Қазақстанның» жаңа кітапханасында қазақтың классик жазушысы, басылымның бұрынғы бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың мұрасына арналған мүйіс ашылды. Шараға Кенжеғали Сағадиев, Қойшығара Салғарин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Төлен Әбдіков, Сауытбек Абдрахманов, Несіпбек Айтұлы, Зейнолла Алшынбаев сияқты зиялылар және қаламгердің зайыбы Клара Жұмабаева қатысты. Мүйіске қаламгердің көркем шығармалары, өзге тілдерге аударылған туындылары, публицистикалық еңбектері қойылған. Сонымен қатар мұнда жазушының жеке заттары да бар.

«Егемен Қазақстан» редакциясындағы кітапханада алдағы уақытта Шерхан Мұртазаға, Ақселеу Сейдімбекке де арналған арнайы бұрыштар ашу жоспарланған.