Егемен Қазақстан: Ұлық іс ұлт таңдамайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі дүйсенбілік саны Елбасының «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен жүздесуі туралы Арнұр Асқардың көлемді мақаласымен ашылған. Онда ел жадында жатталатын 100 есімнің барлығына болмаса да біразына тоқталып, елден ерек қабілеті туралы айтылады.

Сонымен бірге Гүлзейнеп Сәдірқызының «Атамекен» - Ел мен Ердің шежіресі» атты мақаласында Тұңғыш Президент күніне орай Елбасының туған жері Шамалғанда ашылған музей жайында баяндалады. Онда Елбасының балалық шағынан бүгінге дейінгі айрықша кезеңдерді еске салатын аса маңызды экспонаттар жайында егжей-тегжейлі сөз етеді.

Газеттің спорт беті қызықты шыққан. Ермұхамед Мәуленнің «Әлем чемпионаты: қарсыластар анықталды» мақаласы Мәскеудегі Кремльде өткен жеребе тарту жайынан бастап айтулы додада түсетін командалардың мүмкіндіктері туралы да айтады. Бағдарлы болжамдарды да оқи аласыз. Сондай-ақ, журналист Ғалым Қожабековтың әйгілі спортшы Марат Асайынов жайында жазған «Сомбілек» мақаласы өте әсерлі. 

Арнайы бағанда Жақсыбай Самраттың «Ұлық іс ұлт таңдамайды», Думан Анаштың «Дәрі-дәрмектегі жаңа жүйе дәтке қуат па?» мақаласы жарық көрген. Әлеуметтік маңызды мәселелерді көтерген бұл мақалалардың оқырмандарға берері мол екені даусыз.

Сонымен бірге газеттен Қазбек Құттымұратұлың «Иранда қазақ қойын ұнатады» мақаласын, Гүлнұр Қуанышбекқызының «Ресей саяси науқан қарсаңында» қысқаша сараптамалық шолуын оқисыздар.