«Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің бүгінгі санында 2011-2012 оқу жылына бөлінген білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.

Айта кетейік, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы 91 018 талапкер ҰБТ тапсырған. Күні кеше 2011-2012 оқу жылына білім беру гранттарын тағайындау бойынша республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, бағы жанған 32946 адамға мемлекеттік білім грантын белгіледі. Республикалық комиссия білім гранттарының 3003-ін «Алтын белгі» иелеріне, 628-ін халықаралық, республикалық олимпиадалардың және ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына, 409-ын спорттық жарыстардың жеңімпаздарына, 509-ын жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 236-сын 1,2 топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға, 16 594-ін ауыл жастарына, 723-ін қазақ дипаспорасының өкілдеріне берді.

Бұдан бөлек дайындық бөлімдеріне 2275, Назарбаев Университетіне 500, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 125, Х.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне 200 грант бөлініп отыр, барлығы 36046 грант өз иелерін тапты.