Егемендік декларациясы – Қазақстан мемлекеттілігінің негізі
АСТАНА. KAZINFORM – 25 қазан - Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Шындығында, бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Бұл күн 1995-2001 жылдары ұлттық мереке ретінде атап өтілді. 2001 жылы аталған мереке мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Алайда кейінірек 2009 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің жарлығымен ол мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған-ды.
2022 жылдың жазында Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке қайта тойлана бастады.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», - деген еді Мемлекет басшысы.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның екі жобасы әзірленген. Алғашқы ресми нұсқасы академик С.Зимановтың басшылығымен жасалса, балама деп аталатын екінші нұсқаға «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы (бастапқы құрамында Е.Ертісбаев, Б.Белик, М.Оспанов, П.Своик, Б.Қадырбеков) бастамашы болды. Декларация жобасын талқылау кең ауқымда жүргізілді. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылы 16 қыркүйектегі санында декларация жобасы ашық талқылауға ұсынылған. Осы жоба 15 тармақтан тұрды.
25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің таңертеңгілік отырысында Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғарғы кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.Зиманов сөз сөйледі. Жоғарғы кеңестің кешкі отырысында декларация жобасы әрбір бап бойынша талқыланды. Әр бап жекелей дауыс беру арқылы шешілді. Талқылау алты сағатқа созылып, нәтижесінде, 350 депутаттың 71-і қарсы болғанына қарамастан, көпшілік дауыспен декларация қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады», деп декларацияның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орны мен мән-мағынасына аса зор баға берген болатын.
Егемендік декларацияның қабылдануына дипломат, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, професор, сол кездегі Қазақ КСР Жоғары кеңесінің төрағасы Ерік Асанбаевтың еңбегі де ерекше.
Ерік Асанбаев 1936 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1991 жылдың сәуір-қазанында Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1991–1996 жылы ҚР вице-президенті, 1994–1996 жылы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. 1996 жылы ақпаннан ҚР-ның ГФР-дегі Төтенше және өкілетті елшісі болған. Бұл қызметте жүргенде Берлин қаласында Абайға көше атын беруге көп еңбек сіңірген.
Егемендік декларациясы қабылданған кезде Жоғарғы кеңес депутаты болған, бүгінде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Ерік Мағзұмұлының атын өшірмей, ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиістігін айтады.
«Ерік Мағзұмұлы, 70-ке толмаға өмірден ерте кетіп қалды. Өте нәзік жанды, сауатты, білімді азамат еді. Еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін жариялауға қосқан үлесі өте зор. Ол кісінің атын өшірмей, ауылдарға, мектептерге, көшелерге есімін берсе, артық етпес еді. Жалпы, Ресей империясының отары, кейін КСРО-ның қоластында болған Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығына 1990 жылдың 25 қазанында қолы жетті деуге толық негіз бар. Өйткені бұл декларация бізге тәуелсіздікке баратын жолды ашып берді. Мен осы тарихи оқиғаның куәгері болып, аталған құжаттың қабылдануына өз үлесімді қосқаным үшін өзімді бақытты санаймын. 1991 жылғы «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заңды да біздің шақырылымдағы депутаттар қабылдады. Сол шақырылымдағы Парламентте ұлтымыздың елім-жерім деген біртуар азаматтары, атап айтқанда, Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Серікболсын Әбділдин, Тәңірберген Тоқтаров, Өмірбек Жолдасбеков, Марс Үркімбаев сынды марғасқалар болды. Үлкен саяси мәні бар құжат көп талқыға түсті. Ақыры осы ағаларымыздың табанды әрекетінің арқасында декларация мәтіні толық жетілдіріліп, қорғалып, қабылданды», - деп еске алады Мәжіліс депутаты.