Сауытбек Абдрахманов: «Егемендік декларациясының қабылдануына Жоғарғы Кеңес балконында куә болдық»

Фото: Фото: assembly.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов — ел тарихындағы көптеген оқиғаға куә болған азамат. Республика күні қарсаңында агенттік тілшісі танымал публицист-қаламгерге жолығып, осы мереке туралы бірер сұраққа жауап беруін өтінген еді.

— Еліміз басты ұлттық мерекенің алдында тұр. Осы айтулы датаның мән-маңызы, қадір-қасиеті туралы не айтар едіңіз?

— Бұл сұраққа жауап берерден бұрын осыдан 34 жыл бұрынғы кезеңге аздап шегініс жасағым келеді. Ол кезде мен Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кеңесінің бірлескен аппаратында бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқаратынмын. Жұмыс орнымыз қазіргі Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің, бұрынғы Коммунистік даңғылы мен Комсомол көшесінің қиылысындағы Жоғарғы Кеңес ғимаратында еді. Сол ғимараттың Панфилов көшесі жақ бетінде бірлескен аппараттың вице-премьер Мырзатай Жолдасбеков жетекшілік ететін бөлімдері орналасқан болатын. Аппарат қызметкерлеріне Парламенттің кеңейтілген отырыстары өтетін залдың балконына кіріп-шығу еркін еді. Жауын-жауынның арасында дегендей, жұмыстан саңылау тапқан кезде сол залға барып, айтылып жатқан әңгіменің бәрін тыңдай алатынбыз. Ал осы құжат қабылданатын күні бар жұмысты жинап тастап, күні бойы балконда болғанбыз. Бәрін тыңдағанбыз, бәрін көргенбіз. Өйткені ол күннің ел тағдырын айқындайтын күн екенін анық білдік. Сөйтіп, Егемендік декларациясының қабылдануына Жоғарғы Кеңес балконында куә болдық. 

1990 жылдың 25 қазанындағы көрініс көз алдымда, сол күнгі сөздің бәрі құлағымда тұрғандай. Академик Салық Зиманов Егемендік туралы декларация жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде баяндама жасады, талай сағат бойы тікесінен тік тұрып, сан түрлі сұраққа егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Ол кезде Жоғарғы Кеңес әлі кәсіби парламент емес еді. Депутаттар саны 350 адам болатын. Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол — Мемлекеттік егемендікті жариялаған құжат жобасы дауысқа түскенде 350 адамның 71-і Декларацияға қарсы дауыс берген еді. Соған аң-таң қалғаным есте. Ол құжаттың қандайлық қиындықпен, шын мәнінде елдік үшін ерен айқаспен дүниеге келгеніне осы мысалдың өзі дәлел деп білемін.

— Декларацияның басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?

Декларацияның басты жетістігі — республиканың мемлекеттік егемендігін жариялағандығы, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы белгіленгендігі деу орынды. Декларация ел аумағының тұтастығын нақтылады, оған қол сұғылмайтындығын жария етті. Ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екендігі мәлімделді. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген әрекет жазаланатыны ескертілді.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның президенттік республика ретіндегі сипатын айқындады. Президенттің ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі екендігі нақтыланды.

Қазақстанда өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылатыны атап көрсетілді.

Егемендік туралы декларацияны еліміздің мемлекеттілігі жолындағы тарихи қадам деп атаудың жөні бар ғой?

Әрине, бар. Бар болғанда қандай. Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жасады ғой. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Айталық, ұлы көршіміз Қытай 1949 жылғы 1 қазанда өзін республика деп жариялады. Елдің ендігі атын Қытай Халық Республикасы деп белгіледі. Содан бері ол күн — Қытайдағы ең басты мереке. Түркия да солай. Ататүрік 1923 жылы 29 қазанда Түркияны республика деп жариялаған. Ол күн де — Түркияның басты мерекесі.

Декларацияда республиканың өкімет билігі сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық жүзеге асырылады деп көрсетілді. Халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болатынымыз, сыртқы саясатты өз мүддемізге сай белгілейтініміз, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне қатысуға құқылы екеніміз де жазылды. Бұл — шын мәніндегі тәуелсіздікке жасалған нақты қадам. Декларация — егемендік туын тіккен құжат.

Осы ойыңызды тарата түсіңізші...

Таратайын. Декларация Қазақстанды егеменді мемлекет деп жариялады. Ол кезде бұл сөз осылай – «егеменді» деп жазылатын. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті де тиісінше «Егеменді Қазақстан» деп аталатын. Декларацияның қазақша мәтінінде сол кездегі қолданыс бойынша «финанс», «таможня», «право» сөздері пайдаланылған. Олардың кейін «қаржы», «кеден», «құқық» деп орныққаны өзіңізге мәлім.

Республиканы «мемлекет» деп атаудың өзінде де көп мағына жатыр. «Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» деген сөздің де астары терең. «Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды» деген тұжырым да өте маңызды. Осы арқылы біздің тұтас, бір халық екеніміз айтылды.

Декларация тағы қандай мүмкіндіктерге жол ашып берді?

Ондай мүмкіндік өте көп. Біреуін ғана айтайын. Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына жол берілмейтіні де сол құжатта жазылды. Мұның нақты тетігін біз 1991 жылғы 29 тамызда жүзеге асыра алдық. Сол күні Президенттің Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Мемлекеттік егемендігіміз біздің республикамызға 1991 жылғы атышулы тамыз бүлігі күндерінде Қазақстанда төтенше жағдай жарияламауға, сөйтіп шын мәнінде ГКЧП аталған топтың айтқанын орындамауға мүмкіндік берді. Бұлардың бәрі де ел егемендігін нақты танытқан қадамдар болды.

Сан түрлі себептерге байланысты кезінде өзіндік ерекше сипатынан айрылып қалған Республика күні 2022 жылы Президент Жарлығымен елдің ұлттық мерекесі деп жарияланды.

Иә, қазір 25 қазан - Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі. Осы ұлттық мереке ұғымына да тоқтала кетсеңіз. Сонымен бірге мемлекеттік мерекелер жөнінде де айтсаңыз артық болмас еді. 

– Ұлттық мерекелер деп біз Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленген мерекелерді айтамыз. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі, яғни ол мереке бүкіл ел көлемінде ресми түрде, кеңінен аталады. Ал мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін. Мұндай мерекелерге 1-2 қаңтардағы Жаңа жыл, 8 наурыздағы Халықаралық әйелдер күні, 21-23 наурыздағы Наурыз мейрамы, 1 мамырдағы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, 7 мамырдағы Отан қорғаушы күні, 9 мамырдағы Жеңіс күні, 6 шілдедегі Астана күні, 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, 16 желтоқсандағы Тəуелсіздік күні жатады. Осыған қатысты бір пікір айта кетуді артық көрмей отырмын. Заңда «Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін» деп жазылған. Бұл ол күні ресми іс-шаралар өткізілмейді деген сөз емес қой. Өткізілуі де мүмкін, өткізілмеуі де мүмкін. Жұмысын жеңілдететін адамдар үшін, әрине, «өткізілуі мүмкін» дегенді іс-шаралар өткізбеу үшін пайдалану ыңғайлы. Кей жерде солай болып та жүрген сияқты.

Осы орайда, Республика күнінің қадірін арттыруды Тәуелсіздік күнінің мәнін төмендетумен байланыстырудың жөні жоқтығын айту артық болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы алғашқы Құрылтайда «Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады» деп атап айту арқылы бұл мәселенің де басын ашып берген еді. Тәуелсіздік күні – жаңа мемлекеттің ресми түрде дүниеге келген күні. Елдің ерен екі мерекесі бір-бірін табиғи түрде толықтырады, жарасымды жалғастырады. Тәуелсіздік күнін сол кезде ел басқарған адамның атымен байланыстырып қарау тым әсіресақтық болар еді.

Дәл кеше, 23 қазанда – Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатты рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді дамытудың келешегі туралы өзінің пайымын айтты. Өз сөзінде Қазақстанның бұрынғы басшысының қызметіне де қысқаша тоқталды. Міне, оқып та берейін. «Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бұл бағаны да Әділетті Қазақстанның бір белгісі деп қарау орынды. Өткенімізді өшіре бергеннен өсе қалмаймыз. Ол кезең енді тарих еншісі. Алға қарау керек. Алдағы белестерге ұмтылу керек.

Біздегі тілек біреу. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Халқымыздың егемен ел ретінде өсуі, өркендеуі, әл-ауқатымыздың да, ұлттық рухымыздың да көтеріле беруі. Елдігімізді еңселенту ісінде Тәуелсіздікке жол ашып берген аса маңызды тарихи құжаттың – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданған күні, 1990 жылдың 25 қазанын біздің басты мерекеміз – Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі ретінде лайықты атап өтудің, бұл мерекенің бөлекше қадір-қасиетін барша жұртшылыққа, әсіресе жас буынға тиісінше насихаттаудың, оны отаншылдықты күшейтудің қуатты бір тетігі ретінде пайдаланудың орны ерекше.

Мереке құтты болсын!