Қайғылы қаза туралы «Егемен Қазақстан» АҚ басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Егемен Қазақстан» ұжымы бүгін ауыр қайғыға ұшырады. Ел газетін екі рет басқарған, «Егеменнің қара нары» атанған Ер-аға - Ержұман аға Смайыл бұ фәниден бақиға аттанғаны туралы суыт хабар естідік. Көңіл құрғыр сене алмайды. Жыл басында егемендіктер Ер-ағаның 70 деген мерейлі жасын арнайы атап өтіп еді. Бірер күн бұрын ғана бір дастарxан басында бас қосып, арқа-жарқа әңгімелесіп едік. Қаралы xабарды естіп, есеңгіреп қалдық. Марқұмның отбасына, балаларына, жақындарына көңіл айтамыз. Ағамыздың иманы жолдас болсын! Бақұл бол, аға!» - деп жазады Дархан Қыдырәлі.
Ержұман Смайыл еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамының президенті, вице-президенті қызметін атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.