Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеген болса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді - Н.Назарбаев

Астана. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеген болса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді. Бүгін Астанада Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиын барысында Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Қараңыздар, еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақтың саны 6,8 млн. адам болатын немесе халықтың 41 пайызын құрайтын. Ал қазір 11 млн-нан асты, 65 пайызға жетті. Қазақтың саны ғана осы жылдар ішінде 4 млн.-нан асты. Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеген болса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді. Қазақ тілі туралы айтқанда істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады, әр уақытта. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім алдымен өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс емес пе?! Тағы да қайталап айтайын  - Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін! Сонда ғана өсеміз. Өзімізді түземей тұрып, өзгеге тіл үйреткеніміз қалай болады? Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың қолданыс тіліне айналады», - деді Мемлекет басшысы.