«Егер біз бірлігімізден жазбасақ, бұл дағдарыстан да өтетін боламыз» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қарашаның 14-і. /ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 14-і,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың сауалдарына тікелей желі арқылы жауап берген болатын. Осыған орай «Айқын» газетінің сенбілік санында «Халықтың құрметі маған қуат береді» деген тақырыппен Елбасының тікелей желі барысында берген жауаптары жарық көрді. Басылымның жазуынша, телеэфир, телефон, интернет және СМС хабарламалары арқылы 34 мың сауал келіп түскен. Тікелей  желі басталысымен «Бүгінгідей бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс ешқашан болған емес. Әлемдік экономиканың оған қарсы күрес шығындары 12 триллион долларды құрайды. 230 миллион адам жұмыссыз қалды. Барлық трансұлттық компаниялардың жартысы сәтсіздікке ұшырады. Олардың 30 пайызы өз активтерін сату жөнінде мәселе қоюға мәжбүр болды. Қазақстан осындай жағдайда жұмыс істеді. Дегенмен біздің халқымыз бұл дағдарысты онша сезінген жоқ. Себебі, мен барлық аймақтарда болып, тұрғындармен тілдесіп жүргендіктен, жалпы жағдайды білемін. Мұның бәріне еліміздің қуаты, мүмкіндігі және қорларының арқасында қол жетті және біз қиындықтардан жаман өтпедік», деген Мемлекет басшысының сөзі келтірілген.

Елбасының тікелей желі арқылы қазақстандықтардың сауалдарына берген жауабына орай «Астана ақшамы» басылымында да мақала жарық көрді. Жарияланым «Егер біз бірлігімізден жазбасақ, бұл дағдарыстан да өтетін боламыз» деген атаумен берілген.

Сонымен қатар, тікелей желі барысы «Литер», «Экспресс К», «КП-Казахстан» басылымдарында да егжей-тегжейлі жазылған. «Литер» газеті бірінші бетте Президентке қойылған рейтингі ең  жоғары 3 сұрақты жариялаған. Олар: балаларды балабақшаға орналастыру проблемасы, «Қуат» корпорациясының үлескерлік құрылыс нысандары және Мемлекет басшысының қандай ішімдікті жоғары бағалайтындығы туралы болған.

«Айқын» басылымының дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко. Басылымның салмақты сауалдарына жауап берген банк төрағасының айтуынша, теңгенің ауытқу дәлізі 2010 жылы кеңейтіледі, бұл ретте дәліздің орталық мәні 1 АҚШ доллары үшін 150 теңге деңгейінде қалады екен. Екеуара әңгіме «Төл теңге төзімділік танытты» деген тақырыппен жарияланған.

«Қазіргі уақытта қалада да, далада да не көп?... Жанар-жағармай құю бекеттері көп. Бұл әрине, жақсы-ақ. Өйткені жолға шыққан көлік жүргізушісі еш қиындықсыз қалаған жанармайды көлігіне құйып алып, сапарын одан әрі жалғастыра береді. Дегенмен сол қаптаған май құю бекеттеріндегі жанармайдың сапасы талапқа сай ма? Міне, гәп сонда! Сондықтан да Алматы қалалық әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы  жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларына жеткізілетін автокөлік жанармайлары сапасының қаншалықты талапқа сай екендігіне үнемі мониторинг жүргізіп отырады», деп жазады «Айқын» газеті. Аталған жайт төңірегіндегі түйткілдердің егжей-тегжейін осы басылымда жарық көрген «Жанар-жағармай, ал сапасы қандай?» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Қарашаның 12-де Астанадағы «RІXOS» қонақүйінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ұсынылған конкурс жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Осы айтулы шараға орай «Астана ақшамы» басылымының сенбілік нөмірінде «Алтын сапа» - бәсекеге қабілетті өнімнің белгісі» деген тақырыппен мақала жарық көрді.

«Алтын сапа» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «Вечерняя Астана» басылымының да назарынан тыс қалмаған.

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, елордада жаңа жыл мейрамына дайындық жұмыстары басталыпты. Осы орайда, қаладағы мекемелер мен ғимараттарды безендіру және көшелерде жаңажылдық шыршаларды орнату жұмыстары қолға алынбақ.

Осы басылымда «Ер кезегі үшке дейін» деген тақырыппен спорт саңлағы Асхат Житкеев жайындағы көлемді мақала шықты. Онда дзюдо күресінің майталманның өмір жолына шолу жасалған. Мақала «ия, ия, өзіңе риза бол, сен еліңе спорт бақытын сыйлаған саңлақсың дейміз біз де Қазақстан дзюдосына жаңа тарихтың бетін қосқан, Олимпиада ойындарының тұңғыш жүлдесін алған Асхат балуанға. Сенің күмісің қазақ даласына, қазақ баласына дзюдо күресінің құдіретін танытты. Кимоно іздеп, боз кілемге баратын жасөспірімдер көбейді. Үлкен жолға із салдың, Асхат чемпион. Енді сол із алға тартсын», деп түйінделген.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, ҰҚК өкілі Алматы қалалық қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің есірткіні пайдалануға, сатып алуға және сақтауға қатысты бар екендігін дәлелдейтін бұлтартпас айғақ тергеушілердің қолында тұрғандығын хабарлаған.

«Астана ЕҚЫҰ-ға басшылық жасауға дайындалуда». Осы тақырыппен «КП - Казахстан» газетінде жарық көрген мақалада ЕҚЫҰ хатшылығының жоғары лауазымды делегациясының қазақстандық саясатшылармен кездескендігі жайында жазған.  Басылымның жазуынша, ҚР Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескен ЕҚЫҰ хатшылығының Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо 2010 жылы ЕҚЫҰ мен Қазақстан  көптеген өзекті мәселелерді шеше алатындығына, сонымен қатар болуы мүмкін дағдарыстық жағдайларға тойтарыс беретіндігіне сенім білдірген.