Егер халық шектеу шараларын сақтамаса, барлық еңбек зая кетуі мүмкін – дәрігер Сымбат Әріпжанқызы
Сымбат С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина медицина университетін терапия мамандығы бойынша 2012 жылы бітірген.
Содан бері өңірде жалпы тәжірибе дәрігері ретінде еңбек етіп келеді. Балаларын ата-енесі мен еріне қалдырып, тікелей міндетіне жатпаса да, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына өзі сұранып барып, 14 күн бойы қызмет атқарды.
-Сымбат, қауіпті жерге баруға не жетеледі?
-Бұл індет мұндай көлемде тек біздің елде ғана болып жатқан жоқ, күллі адамзаттық мәселеге айналды. Бізді университет қабырғасында-ақ осындай жағдай туындай қалған уақытта алдыңғы шепте күресесіңдер, деп ескертіп, соған бағыттады. Сол кезден-ақ егер ел басына қилы күн туса, бірінші болып барамын деп шешкен едім. Оның үстіне біз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қаз басқан жастармыз. Мектепте де өз Отанымызды сүйіп, оған адал болуға тәрбиеледі. Коронавирус індеті қоғамда дүмпу туғызды. Мүлдем сенбейтіндер үлкен топқа айналды. «Бар екені рас па, мұның бәрі – саясат, соны көзіңмен көрдің бе, өзің көрмесең, қалай айта аласың?» деген сықылды сұрақтар көбейді. Сондықтан осыған нақты жауап беру әрі өз борышымды орындау үшін өзімнің қайын атам, өңірге танымал хирург-дәрігер Хамит Бақытұлы Ералиннің алдынан өтіп, қауіпті жерге барамын деп шештім.
-Ауру жұқтырып аламын деп қорыққан жоқсың ба?
-Әрине, басқа адамдар секілді мен де қорықтым. Бірақ ауру ошағында болсақ та, өз жұмыс орнымызда коронавирус жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болған адамды қабылдасақ та, басқалай медициналық көмек көрсетсек те, жұқтыру қаупі бірдей. Көбі жұқпалы ауруханада қауіп көбірек деп ойлайды. Негізінде олай емес. Мені медицина қызметкерлері түсінеді. Барлық тұрғындармен қатар ақ желеңді жандарға да қауіп төніп тұрғаны жасырын емес.
-Осындай қиын-қыстау кезеңде дәрігерлер өз міндеттерін қалай атқаруда?
-Індет басталғаннан бері бәрімізден де маза қашып, жұмыс еселеп көбейді. Ал ауру ошағында еңбек ету өте ауыр. Мысалы, қорғаныс киімін киіп, шешудің өзі үлкен шаруа. Дәрігерлер бүкіл дүние жүзіндегі әріптестері секілді бұрын белгісіз болған індетпен күресуде. Күнде бір өзгеріс болып жатады. Соған сәйкес тез бейімделіп, тез шешім қабылдай білу керек. Өз көзіммен көрдім, дәрігерлер уақытпен санаспай, ауруларды қарау үшін 4-5 сағатқа қалып, таңғы беске дейін бәрін жазып, сынамаларды қорытындылайды. Сосын келесі күннің жоспарын нақтылайды.
-Коронавирустың белгілері қандай және немен емдеп жатыр?
-Дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, бұлшық еттердің әлсіреуі, бас, тамақ ауруы, құрғақ жөтел, кеуде тұсының қысылуы, мазасыздық, дәм сезбеу, ентігу, тершеңдік, кейде іш өту, ауа жетіспеу, жүрек соғысының жиілеуі және тағы басқа ауру белгілерін айтуға болады. Ауыр жағдайда басқа да қосымша аурулар қосылады.
Сырқат жеңіл түрде өрбісе, вирусқа қарсы дәрілермен емдейді. Ал асқынған жағдайда антибиотиктер, қан сұйылтатын, интоксикацияға қарсы дәрі-дәрмектер қолданылады.
-Науқастар қиналғанда қандай сезімде болдың?
-Мен ауруханаға барған мезгілде олар өте көп болды. Наурыз, сәуір айында науқастар көбіне жеңіл және орташа жағдайда түсетін. Мамыр айынан бастап орташа және ауыр халдегілер көбейді. Хал үстінде жатқандарды көру өте ауыр. Бірақ қандай жағдайда да дәрігерлер өз міндетін аяғына дейін орындауы керек. Мен де соны атқардым.
-Коронавирусты жеңу үшін не қажет деп ойлайсың?
-Ең алдымен әр азамат әлемді жайлаған коронавирустың аса қауіпті екендігін сезініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсіне білуі тиіс. Егер адамдар шектеу шараларын сақтамаса, барлық еңбек зая кетуі мүмкін. Сондықтан ең бастысы, сақтана білуіміз керек. Ел болып күрессек қана індетті жеңіп шыға аламыз.
-Сымбат Әріпжанқызы, төл мерекеңмен, осыған орай «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінен алған алғысхатың құтты болсын! Еңбегің жана берсін! Енді алдағы жоспарың қалай?
-Алдағы уақытта осы дертпен күресті жалғастырамын. Оның бетін толықтай қайтармай, біздің жоспарымыз өзгермейді. Қай уақытта, қандай жағдайда болсын жұмысқа дайынбыз.