Егер мигранттардың елімізге келуінен іштегі жағдай нашарлайтын болса, онда Үкімет уақытша тіркеу институтын қайта енгізуі мүмкін - Премьер-Министр
15:05, 27 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Үкіметі егер мигранттардың еліміз аумағына келуінен іштегі жағдай нашарлайтын болса, онда елімізге келушілерді уақытша тіркеу институтын қайта енгізуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Егер мигранттардың елге келуінен ішкі жағдай нашарлайтын болса,
мен ең болмағанда Алматы мен Астана қалаларында уақытша тіркеуге оралатынымызды жоққа шығармаймын. Алайда, әзірге мұндай қатаң қажеттілік жоқ», деді отырыста Премьер-Министр. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, мигранттар мәселесі Алматы қаласы үшін аса көкейкесті болып тұр. «Қазіргі таңда Алматыда 287 мың басқа қалалардың тұрғындары мен шетелдіктер өмір сүруде. Олардың ішінде 247 мыңы Қазақстанның, 40 мыңы шетелдің азаматтары. 40 мыңның 13 мыңы алыс шет елдерден, 27- мыңы жақын шет елдерден келгендер», деді ол. Оның айтуынша, құрылыс көлемінің қысқарғанына байланысты былтыр мигранттардың көпшілігі жұмыстан босатылған. Алайда, барлығы бірдей еліне қайтпаған. «Қалада болып жатқан қылмыстардың басым көрсеткіші, 50 пайызы мигранттардың үлесінде. Осыған байланысты әкімдік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп механизм әзірледі, ол бойынша соттың шешімімен және басқа да шаралар аясында біз 5 мыңға жуық мигранттарды депортациялаймыз», деді А. Есімов. Қырғызстанмен арадағы келісімге сәйкес ол елдің азаматтары Қазақстан аумағында 90 күнге дейін тіркеусіз жүре алатынына тоқталған А. Есімов: «Қазіргі жағдайда бұл мәселеге қайта оралған жөн. Бізге алдымен өз азаматтарымызды жұмыспен қамту қажет», деді. Мұның себебін әкім көктемде Қырғызстаннан жұмыс іздеген адамдардың Қазақстанға ағылатынымен түсіндірді. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов та мигранттар мәселесі Алматы қаласы үшін үлкен проблема екенін қостап, министрлік қала әкімдігімен бірлесіп Үкіметке мигранттардың Қазақстан аумағында болу тәртібін қатаңдататын нақты ұсыныстар енгізетінін айтты.