Эгей теңізіндегі жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов хабарлады.
«Осы уақытқа дейін зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ», - деді ол ҚазАқпараттың сұрағына жауап бере отырып.
Еске салайық, жұма күні Эгей теңізінде болған жер сілкінісі салдарынан Грекияның Кос курорт-аралында кем дегенде екі адам қаза тапқан.
Бұрын хабарланғандай, жергілікті уақытпен 1:31-де Түркияның жағалауында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі болып, оның салдары шағын цунамиге соқтырды.
Зілзала ошағы Түркияның Мугла провинциясындағы Бодрум курортты-қаласынан - 10, Кос аралынан 16 шақырым қашықтықта, 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Сағат 2:23-те 4,7 магнитудалы афтершок тіркелген. Ал екінші рет қайталанған зілзаланың эпицентрі Кос аралынан 9 шақырымдай қашықтықта болды.