Егін орағы науқанына тиісті техниканың 90 пайыздан астамы дайын

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша егін орағы науқанына комбайндардың, жаткалардың, механикаландырылған токтардың және астық кептіргіштердің 90 пайыздан астамы дайындалды.

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, егін орағы науқанында дизель отынының қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына облыстар шартты түрде бекітіліп отыр. Былтырғы жылғы деңгейге қарағанда, биыл  дизель отынының бағасы 40 пайызға төмен.

«Қазіргі кезде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің дизель отынымен қамтамасыз етілуі қажеттіліктің 24 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары», деді министр.

Сондай-ақ жем-шөп мәселесіне тоқталған А. Күрішбаев, «әзірге пішен шабу қарқыны жаман емес. Шілденің 18-індегі жағдай бойынша 8,7 миллион тонна шөп дайындалды. Бұл 2008 жылға қарағанда 2 есеге жуық шамада артық», деді.