Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көктемгі егіс жұмыстарына дайындық бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтерін тыңдады. Сала вице-министрі Қайрат Айтуғановтың келтірген деректеріне сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 млн. га алқапқа себу жоспарланып отыр, бұл 2016 жылғымен салыстырғанда 311 мың га жерге артық. Мұның ішінде көктемгі егіс алқабының көлемі 18,5 млн. гектарға жуықтайды. Дәнді дақылдар 15,1 млн. га жерге егіледі, оның ішінде бидай - 12,1 млн. га алқапқа себіледі, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 339 мың га алқапқа азайтылған.
Сонымен қатар, су сіңіретін дақылдар алқабын азайту көзделіп отыр: күріш алқабы - 1,9 мың га, мақта алқабы - 4,6 мың га қысқартылып, басымдықты дақылдар алқабы арттырылады. Сондай-ақ, мал азығы дақылдары (арпа, сұлы, дәнді жүгері, бұршақ, ноқат) алқабы 208 мың га, жарма дақылдары алқабы 10 мың га арттырылады. Майлы дақылдар алқабы 2,1 млн. га дейін жеткізіледі, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 58 мың га артық, жемшөп дақылдары 4,1 млн. гектарға дейін (407 мың га артық), қант қызылшасы - 19,6 мың га дейін (6,7 мың га артық) арттырылады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтері бойынша 2017 жылы алынатын өнім ретінде 2,4 млн. тоннадан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы (қажеттіден 1,8% артық), оның ішінде дәнді дақылдар тұқымы - 2 млн. тонна (2,3% артық) себілген. Еліміз бойынша 776 мың тонна тұқым тексерілген, оның ішінде 99%-і сұрыпталды. Тұқымдарды себуге сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік бағдарлама аясында тұқым шаруашылығын қолдау тетігі жетілдірілді. Мәселен, биылдан бастап түпкі және таңдаулы тұқымдарды субсидиялау қайта жандандырылады, ал алғашқы репродукция тұқымдары тек басымдықты дақылдар бойынша, минималды нормаларсыз субсидияланатын болады. Сонымен бірге, жеміс-жидектер мен жүзімдердің таңдаулы көшеттерін, бірінші буындағы гибридтерді субсидиялау жалғасады, деп атап өтті ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.
Биыл мемлекет АӨК-тің 1500 субъектісіне көктемгі егіс және оны жинау жұ¬мыстарын жүргізу үшін шекті мөлшерлемесі жылына 6%-тен аспайтын қаржы¬лан¬дыруды жүзеге асырады. Осы жылы көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын қаржыландыруға бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінген.
2017 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқым сепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық, 5 мың бүркуіш, 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені бар.
Тракторлардың дайындығы - 86%, тұқым сепкіш - 89%, қопсытқыштар - 91%, тұқым сепкіштерді толтырғыш - 91% деңгейінде дайын. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізумен қамтамасыз ету мақсатында дизельдік отынның 375 мың тонна көлеміндегі қажетті көлемі анықталған. Наурыз айына тоннасына 148 мың теңге деңгейінде баға белгіленген.
Премьер-министр Үкімет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шешімдер қабылданғанын, оны сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.