Оған қоса Суэц арнасынан түсетін табыс азайды. Өткен жылдан бері мұндағы инфляция көлемі 30 пайызға өсті. Салдарынан азық-түлік тапшылығы байқалып, бағасы шарықтады. Мысырдағы саудасы қайнап жататын азық-түлік сататын ірі базарлардың бірінде бүгінде адамның қарасы аз. Өйткені соңғы бірнеше айдың ішінде баға 40 пайызға қымбаттады. Ал тұрғындардың оны сатып алатын ақшасы жоқ. Экономикалық қиындықтармен бірге әлеуметтік ахуал да нашарлады. Жастардың көбі екі қолға бір күрек таппай жүр.
«Бір күн аш, бір күн тоқпыз. Жұмыс, ақша дегенді сұрамайтын да болдық. Билік жұмыс бере алмаса, тамақ беріп асырасын. Бір үзім нан алып жей алмайтын күйге түстік», - дейді Каир тұрғыны Махмуд Абулхассан.
Өткен жылдың күзінде Мысырдың Орталық банкі жағдайды түзеу үшін ұлттық ақшасын девальвациялады. Бұл Каирге Халықаралық валюта қорынан 12 миллиард доллар несие алуға мүмкіндік берді. Оған қоса билік экономиканы тұрақтандырып, инвесторлардың сеніміне кіруді көздеді. Дегенмен іс жүзінде қарапайым халықтың табысы азайды.
Ал Азық-түлік қауіпсіздігін бақылайтын маман Дина Бехиттің айтуынша, елдегі бұл жағдай әлі де жалғаса беретін болады.
«Әрине, азық-түлік тапшылығы әлі де жалғаса береді. Өйткені өндіріс сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Халықтың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Ал ауыл шаруашылығының жерлері керісінше, кеміп келеді», - дейді ол.
Египет экономикасына елеулі үлес қосып келген туризм саласы соңғы он жылдағы ең қиын кезеңді өткеріп жатыр. Саяхатшылардың сиреуіне 2015 жылы ресейлік ұшақтың апатқа ұшырауы себеп болды. Содан бері мұнда келетін туристердің легі 70 пайызға азайды.
Дереккөз: «Хабар 24» арнасы.