Египеттегі көше қақтығыстары: 11 адам қаза болды

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше Египетте полиция мен тақтан тайдырылған президент Мохаммед Мурсидің жақтастары болып табылатын исламистермен қақтығыста 11 адам қаза болды, деп хабарлады Associated Press египеттік Денсаулық сақтау министрлігініе сілтеме жасап.

Ресми мәліметтер бойынша, 50-ден астам адам жарақаттанған. «Мұсылман бауырлар» бұл деректер азайтып көрсетілген деп санайды. Олардың айтуынша, қаза болғандардың өзі 19 адам болып отыр, деп хабарлады РБК.

Басты қақтығыстар Каирдің, Гизаның, Исмаилияның және Фаюмның халық тығыз қоныстанған жерлерінде өткен. ІІМ мәліметтері бойынша, акция барысында «Мұсылман бауырлар» қозғалысының 122 мүшесі тұтқындалған.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы желтоқсанда Египетте қозғалыстың бірқатар белсенділері тұтқындалды, ал «Мұсылман бауырлар» ұйымының өзі лаңкестік деп жарияланған. Бұдан былай, қарсылық акциясына қатысқан «Мұсылман бауырлар» ұйымына қатысы бар адамдар 5 жылға дейін тұтқындалуы мүмкін.

Референдум қарсаңында қарсыласушылар су шашып, көзден жас ағызатын газбен атқылаған полицияларға тас лақтырумен қатар отты қаруды да қолдануда. Шерушілер полицей бекеттеріне жанғыш зат қоспасымен бөтелкелер лақтырып, бірнеше полицей машиналарын өртеп жіберді, негізгі жолдарды жапты, шиналарды өртеді.

Египеттің уақытша президенті Адли Мансұр 2013 жылғы шілдеде өтпелі кезеңдегі жоспарын ұсынды. Оған сәйкес алдымен Конституцияға түзету енгізуді көздейтін референдум, одан кейін парламенттік сайлау және содан кейін ғана екі айдан соң ел президенті сайлауын өткізу қажет. Конституциялық референдум 2014 жылғы 14-15 қаңтар күндері өтеді. Қазіргі үкіметтің жақтаушылары парламент сайланғанға дейін президент сайлауын өткізу мәселесін бірнеше рет көтерді.