Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.
«Ауа райы жағдайына келсек, «Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша топырақтың жоғары қабатындағы нақты күзгі ылғал қорлары мен қыста түскен жауын-шашынның деңгейі көктемнің басында топырақтағы ылғал қорының көптеген астық себуші аймақтарда орташа көпжылдық көрсеткіштер шамасында, яғни қанағаттанарлық болады де болжауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Бұл пайымға келісетіндігін білдірген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев: «Республиканың батысында қыс басында қажетті ылғал қорының тек 50 пайызы ғана жиналған болатын. Дегемен қыста жағдай реттелді, қазір қанағаттанарлық деп айтуға болады. Солтүстікте де ылғал аз болатын. Осы уақытта қыс бойғы су қоры жеткілікті және орташа көпжылдық деңгейде. Шығыста тіпті қар күйіндегі су қоры 200 миллиметрге жетеді. Сондықтан топырақтың ылғалдану жағдайы жақсы күйде болатындығы күтілуде. Оңтүстікте де топырақтың ылғалдануы тәуір. Соған орай техниканы, тұқымды жанармайды әзірлеп, егіс науқанын белсенді ұйымдасқан түрде өткізуіміз керек», - деді.