«Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарына литріне 250 теңге бағамен 426 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Сонымен бірге, қазіргі жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литріне 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша 62,5 мың тонна жеңілдікті дизель отынын бөлу шешімі қабылданды», - деді А. Сапаров Үкімет отырысында.
Қазіргі уақытта облыстардың операторлары астық қабылдау кәсіпорындарына және кептіру жабдығы бар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу және өткізу шараларын жүргізуде.
«Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен субсидияларға қажеттілікті толық жабу мәселелерін пысықтауда, сондай-ақ зардап шеккен фермерлердің қаржы институттарының желісі бойынша алынған кредиттерінің өтеу мерзімдерін ұзартуда. Бастапқы кезеңде 30 млрд теңге мөлшерінде субсидиялар бойынша берешек өтеледі, Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды, ал қалған қарыздар жыл соңына дейін жабылады», - деді А. Сапаров.
Кредит мерзімдерін ұзартуға қатысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша қазір 7,2 млрд теңге сомасына 147 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден міндеттемелерді орындауды ұзартуға өтініштер түскен.
«Қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау бойынша өтініштер әлі де келіп жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша қажетті консультацияларды көрсетеді, міндеттемелерді жеке тәртіппен ұзартуға өтінімдер қабылдайды және қарайды», - деді министр.
Сондай-ақ, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алуға қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізілуде, нарық деңгейінде астық сатып алудың әділ бағасы белгіленген.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі биылғы жыл фермерлер үшін оңай болмағанын, негізгі астық егетін өңірлерде нөсер жаңбыр 25 күннен асқанын айтқан еді.
Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров биылғы егін науқанын қорытындылап, қандай дақылдар мен көкөністер жиналғанын айтып берді.