Егін жинауға қолайсыз ауа райы болады – министрлік

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкіметте егін жинайтын аймақтардағы ауа райы болжамын баяндады.

– Синоптиктердің болжамы бойынша, 23 қыркүйектен 30-ына дейін еліміздің астық егетін аймақтарында, егін жинауға жайсыз ауа райы болады. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде осы кезең бойы жаңбыр жауады, – деді вице-министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ақтөбе облысында да қыркүйектің 26-сы мен 30-ында жаңбыр жауады. Батыс Қазақстан облысында – қыркүйектің 25 мен 29 аралығында, Қарағанды, Ұлытау облыстарында – қыркүйектің 23, 27 мен 30 аралығында, Павлодар облысында – қыркүйектің 23 мен 25, 28 мен 30 аралығында жаңбыр жауады деп болжанып.

Еліміздің шығысында қыркүйектің 23 мен 24, 29 мен 30 күндері жаңбыр жауады және қатты жел соғады. 23-30 қыркүйек аралығында күндізгі және түнгі температура біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта аяз түсуі мүмкін.

– Еліміздің басым бөлігінде, қазан айының орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлігінде әдеттегіден жылы болады. Жаңбыр еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы жерлерде бір ай бойы жиі жаууы мүмкін, – деді Н.Шәрбиев.

Айта кетейік, Үкімет бүгін егін жинау науқанын талқыға салады.

Биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.