Егін жұмыстарына үшінші жыл қатарынан қомақты қаржы бөлінді — Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын пысықтады. Премьер-министр Олжас Бектенов егіс алқаптарын әртараптандыруды, нарықта сұранысқа ие дақылдарды көбейтіп, тыңайтқыш себу жоспарын жеделдетуді тапсырды.
— Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 трлн теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қаралған. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделген, — деді Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.
Премьер мемлекеттік қолдаудың жауапкершілігі жоғары әрі жұмысына адал диқандарға көрсетілуге тиіс екенін атап өтті. Әкімдіктер бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауға алып, ол үшін цифрлық технологияларды кеңінен пайдаланғаны жөн.
— Мемлекет басшысы жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті тапсырмалар берді. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын биыл да жалғастыру қажет. Көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару керек. Бұған дейін суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқартуды тапсырдым. Ендігі кезекте озық ғылыми тәсілдерді қолданып, құрғақшылыққа төзімді технологияларға көшу үшін өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, — деді Үкімет басшысы.
Өзекті мәселенің бірі — ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі. Ол бүгінге шамамен 80% болып отыр. Жаппай егіс жұмыстары басталғанша бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу тапсырылды.
Диқандарды жеткілікті көлемде сапалы әрі тексерілген тұқымдармен қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылды. Біздегі табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген элиталық тұқымдар үлесін арттыруға басымдық берілуге тиіс. Осы бағытта отандық тұқым өндірушілерді ынталандыру шараларын қарастыру қажеттігі айтылды.
— Егін егуде агротехнология талаптарын қатаң сақтап, тыңайтқыштарды уақытылы себуді және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдарын қолдануды қамтамасыз етіңіздер. Бұл шаралар болашақ өнімнің сапасы мен тиімділігінің негізгі шарты саналады. Биыл тыңайтқыштар себу жоспары ғылыми негізі бар норманың 73%-нан астамын немесе 2,3 млн тонна. Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп министрліктері егіншілерді қажетті көлемде сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуі қажет, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов шаруаларға арналған дизель нарықтағы бағадан 15% арзан болатынын айтқан еді.
Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны қалай жүріп датқанын баяндады.