— «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ егін орағы кезеңінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тәуекелінен дәнді және майлы дақылдар егістіктерін сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімін 2026 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартты. Бұл шешім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сақтандыру қызметіне қолжетімділігін кеңейту және сақтандыру шартын рәсімдеуге қосымша уақыт беру мақсатында қабылданды, — делінген ҚР АШМ хабарламасында.
Сақтандыру шартын жасауға өтінімді Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады.
Сақтандыру бағдарламасы Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлеріне қолжетімді.
Сақтандыру қорғауы 2026 жылғы 15 тамыз бен 14 қазан аралығында қолданылады және егін жинау кезеңінде топырақтағы артық ылғалдан туындайтын тәуекелдерді қамтиды.
Өтінім беру, сақтандыру шартын жасау және сақтандыру төлемін алу сияқты барлық рәсімдер Kezekte.kz платформасында орналасқан Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы толықтай электрондық форматта жүзеге асырылады. Сақтандыру шартын рәсімдеу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында фермерлер үшін сақтандыру полисінің құны 80%-ға субсидияланады. Яғни, мемлекет сақтандыру сыйлықақысының негізгі бөлігін өтейді, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші сақтандыру құнының небәрі 20%-ын ғана төлейді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолайсыз ауа райы жағдайларынан болатын тәуекелдерден болашақ өнімді қорғау мүмкіндігін пайдаланып, 2026 жылғы 15 шілдеге дейін сақтандыру полисін рәсімдеуге шақырады.
Бұған дейін субсидияға сенген қызылордалық фермерлер несиені 25,5%-бен төлеуге қиналып отырғанын жазған едік.