eGov арқылы өтініш беру көмек алуға кепілдік емес — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде және жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында өтініш берген барлық азаматтарға әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалады деген ақпарат тарады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сай келмейтінін айтып, түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік көмек — мемлекеттің атаулы қолдау шарасы болып табылады және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі.
— Көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, белгіленген талаптарға сәйкестігі құжат жүзінде расталған жағдайда ғана мүмкін болады, — делінген хабарламада.
eGov порталы арқылы өтініш беру — әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автоматты түрде тағайындалуына кепілдік бермейді.
Көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Барлық түскен өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.
— Азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырамыз. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз, — деп есмкертті министрліктен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк таратқан тұрғын жазаланған болатын.