eGov Mobile-дың «Заң мен тәртіп» бөлімі жаңарды: азаматтарға қандай мүмкіндіктер қолжетімді

АСТАНА. KAZINFORM — eGov Mobile мобильді қосымшасында «Заң мен тәртіп» сервисі ауқымды жаңартылды. нді ол құқық қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтерді, цифрлық сервистер мен ақпараттық материалдарды біріктіретін бірыңғай цифрлық витрина ретінде ұсынылады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мәлім етті.

Фото: Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ

Жаңартылған бөлімдерде пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер, дербес деректерді қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сервистер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпараттық материалдары мен сервистері қолжетімді.

Бірінші бөлімде пайдаланушыларға келесі цифрлық сервистер ұсынылған:

  • полиция қызметтеріне жүгінуге арналған «102» сервисі. Ол арқылы оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да жағдайлар туралы хабарлауға болады;
  • дербес деректердің таралып кеткені туралы фактілерді тексеруге арналған «Nomad Guard» сервисі;
  • тауарлардың таңбалануын тексеруге арналған «Naqty Оnim» сервисі;
  • қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту және басқа да цифрлық шешімдер.

Аталған сервистердің барлығы eGov Mobile қосымшасындағы «Сервистер» бөлімінен шығарылып, жаңартылған «Заң және тәртіп» витринасына орналастырылды.

— «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ командасы цифрлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді тұрақты түрде жетілдіріп, оларды азаматтарға барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі олардың қажеттіліктеріне бағдарланған ету бағытында жұмыс істеп келеді. «Заң мен тәртіп» сервисінің ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министірлігімен бірлесіп іске асырылған жаңартылуы осы жұмыстың келесі кезеңі болды. Сервис 2025 жылғы маусым айында іске қосылды және сол уақыттан бері шамамен 1,4 млн рет пайдаланды. Бұл оның сұранысқа ие екенін және маңыздылығын көрсетеді, — деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Бұдан әрі құқық қорғау қызметі саласындағы ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер ұсынылған. Олардың қатарында соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама алу, шетелге шығуға тыйым салынғанын тексеру, адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәліметтер беру, әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу және т. б. бар.

Жеке бөлім Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпараттық материалдары мен цифрлық сервистерін қамтиды. Бөлімде құқықтық статистикаға қатысты материалдар, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу сервисі, құқық бұзушылық туралы арыздың тіркелгенін тексеруге арналған сервис және басқа да ақпараттық құралдар орналастырылған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысы тарапынан стратегиялық бағыт ретінде айқындалған. Оны дамыту мақсатында Үкімет қаулысымен 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы бекітілді.

Жаңартулар ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Бас прокуратурасының бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.

Айта кетейік, Қазақстандықтардың 76,8%-ы «Заң мен Тәртіп» қағидатын қолдайды.