eGov жүйесінде қауіпсіздік күшейтілді: екі факторлы растау іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинетінде пайдаланушыларды авторизациялау тәртібіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Енді жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба мен құпиясөзден бөлек, SMS-код немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы қосымша растаудан өту қажет. Жаңа талап пайдаланушылардың аккаунттарын қорғауды күшейтуге және дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Енді жеке кабинетке кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба мен құпиясөзден бөлек, келесі тәсілдердің бірі арқылы қосымша растаудан өту қажет:

  • Қазақстан Республикасының Мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы жіберілетін бір реттік кодты енгізу;
  • eGov Mobile қосымшасындағы «Жеке куәлік» цифрлық құжатынан алынатын кодты енгізу.

Бұл механизм Мобильді азаматтар базасында телефон нөмірі тіркелмегендіктен Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға қолданылмайды.

Қосымша тексеру кезеңі пайдаланушылардың есептік жазбаларын қорғауға және дербес деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алуға бағытталған.

Бұған дейін Aitu мен eGov-қа тегін қолжетімділік заңмен бекітілетінін жаздық.